Көлік прокуратурасында жол қауіпсіздігі саласындағы зерттеу нәтижелері таныстырылды

2026 жылғы 28 мамырда Құқық қорғау органдары академиясының 2-Институтының қызметкерлері Бас көлік прокуратурасы мен оның аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлеріне жол-көлік оқиғаларының себептері мен жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы прокурорлық қадағалауды жетілдіруге арналған ғылыми зерттеу нәтижелерін таныстырды.

Презентация барысында ел жолдарындағы апаттың себептеріне жүргізілген талдау нәтижелері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен прокуратура қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған практикалық ұсыныстар ұсынылды.

Қадағалау қызметін цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу және предиктивті прокурорлық қадағалау тетіктерін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының себептерін талдауға, тәуекелдерді болжауға және апат қаупі жоғары учаскелерді анықтауға арналған Geometry компаниясымен бірлесіп әзірленген «Asara» AI-платформасы таныстырылды.

Қатысушылар зерттеудің практикалық маңыздылығын және оның нәтижелерін жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен қадағалау қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында қолдану перспективаларын атап өтті.