2026 жылғы 26 мамырда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында онлайн форматта «Еуразия мемлекеттерінің қылмыстық процесі: қылмыстық сот ісін жүргізуді цифрлық трансформациялау жағдайындағы құқықтық кепілдіктер» тақырыбында магистранттар мен докторанттардың халықаралық ғылыми семинары өтті.
Іс-шара қылмыстық процесті цифрландыру жағдайында құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін талқылауға, сондай-ақ магистранттар, докторанттар және жас ғалымдардың зерттеушілік құзыреттерін дамытуға бағытталды.
Семинар жұмысына Қазақстан, Беларусь және Ресейдің ғылыми қауымдастық өкілдері, Академияның магистранттары мен докторанттары қатысты. Спикерлер қатарында Құқық қорғау органдары академиясының, Ресей ІІМ Басқару академиясының және Беларусь Республикасы Тергеу комитетінің Біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтының өкілдері сөз сөйледі. Семинар модераторы ретінде арнайы заң пәндері кафедрасының профессоры Виталий Хан сөз сөйледі.
Талқылау барысында қатысушылар қылмыстық сот ісін жүргізудің цифрлық нысандары, дәлелдеуді цифрлық трансформациялау кезіндегі құқықтық кепілдіктер, электрондық дәлелдемелер, қылмыстық процесті алгоритмдеу, сондай-ақ құқықтық ақпаратпен жұмыс істеуде жасанды интеллектіні пайдалану мәселелерін қарастырды.
Семинар ғылыми пікірталас пен қылмыстық-процестік тетіктерді жетілдіру мәселелері бойынша тәжірибе алмасумен қатар өтті. Қатысушылар мұндай ғылыми алаңдарды өткізу халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға, жас ғалымдардың зерттеу мәдениетін дамытуға және заңгерлік білім беру сапасын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz

