Қызылжар ауылдық округінде, Қызылжар ауылының орта мектебі базасында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы әзірлеген «Халықтың діни-құқықтық сауаттылығын арттыру негіздері» атты оқу-әдістемелік құралдың таныстырылымы өтті.
Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаттарын іске асыру аясында педагогтар, ата-аналар және қоғамдық өкілдер үшін ұйымдастырылды. Кездесу барысында діни-құқықтық сауаттылықты арттыру, деструктивті діни ағымдардың алдын алу, сондай-ақ жастардың экстремизм мен радикализм идеологиясына төзімділігін күшейту мәселелері талқыланды.
Академияның өкілі Б.Ғ. Нұрмағамбетов аталған оқу-әдістемелік құралдың авторы ретінде сөз сөйледі. Басылым діни саладағы заңнама мәселелерін, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылды, деструктивті ағымдарға тартылу белгілерін, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі отбасы мен білім беру ортасының рөлін қамтиды.
Қатысушыларға діни саладағы мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздері, экстремистік бағыттағы құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілік түрлері және кәмелетке толмағандар арасында радикалды көріністердің алдын алудың практикалық тетіктері түсіндірілді.
Отбасы мен мектептің қауіпсіз ақпараттық және рухани ортаны қалыптастырудағы өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды. Қатысушылар оқу құралының педагогикалық қауымдастық пен ата-аналар үшін практикалық маңызын атап өтті.
Академия құқықтық мәдениетті және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған ағартушылық және профилактикалық бастамаларды іске асыруды жалғастыруда.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz
