Академия Ыстамбұлда өткен Адам құқықтары жөніндегі халықаралық форумға қатысты

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы Түркі сотқұқықтық даярлық желісі ұйымдастырған Ыстамбұлда өтіп жатқан Адам құқықтары жөніндегі халықаралық форумға қатысуда.

Іс-шараға Түркі желісіне мүше елдер – Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның оқу орындарының өкілдері де қатысуда. Бағдарламаны Ыстамбұлдың Бас Прокуроры Фатих Дёнмез, Түркия Әділет академиясының Президенті Метин Йылдырым және ТИКА Төрағасының орынбасары Али Эрджан ашты.

Үш күнге созылған форумда адам құқықтарының халықаралық стандарттары талқыланды. Қатысушылар БҰҰ-ның адам құқықтары жүйесін, соның ішінде Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық конвенцияның негізгі ережелерін: адам құқықтары жөніндегі Еуропалық соттағы процедураны және әділ сот талқылауының стандарттарын қарастырды.

Форум аясында Академия ректоры Нұрғалым Әбдіров Түркия Республикасы Әділет академиясының президенті Метин Йылдырыммен екіжақты кездесу өткізді.

Тараптар қалыптасқан әріптестік деңгейін жоғары бағалап, тәжірибе алмасу және бірлескен білім беру жобаларын іске асыру үшін халықаралық алаң ретінде Түркі сот-құқықтық даярлық желісіне бірлесіп қатысудың маңыздылығын атап өтті.

Келіссөздер барысында киберқылмысқа, есірткі қылмысына және қаржылық қылмыстарға қарсы іс-қимылдың басым бағыттары бойынша ынтымақтастықты тереңдету перспективалары талқыланды.

Академиялық ұтқырлық мәселесі жеке қаралды: тараптар магистранттар мен докторанттардың ғылыми тағылымдамадан өту және әріптестік академиялар базасында бірлескен зерттеу жобаларына қатысу үшін өзара бағытына қызығушылық танытты.

Сондай-ақ екі академияның ведомстволық журналдарындағы ғылыми жұмыстардың, оқу-әдістемелік материалдардың өзара жарияланымдары және мақалаларға шолу сияқты баспа қызметіндегі ынтымақтастықты кеңейту де талқыланды.

Ректор Нұрғалым Әбдіров Метин Йылдырымды 2026 жылдың IV тоқсанына жоспарланған «Заң мен Тәртіп – тұрақтылық пен прогрестің негізі» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысуға шақырды.

Кездесу сындарлы және достық жағдайда өтті, бұл екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін және оны одан әрі дамытуға екі тараптың өзара мүдделілігін растады.