Құқықтық сауаттылық – қауіпсіз қоғамның негізі

«Заң мен тәртіп» идеологиясын іске асыру және халықтың құқықтық мәдениетін арттыру аясында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институты Астана қаласы әкімдігінің Діндерді зерттеу орталығының қолдауымен «Қауіпсіз қоғам» атты алғашқы ағартушылық подкаст өткізді. Подкасттың тақырыбы: «Заң мен тәртіп. Құқық бұзушылықтардың алдын алудың негізі ретіндегі құқықтық сауаттылық».

Іс-шара сараптамалық пікірталас форматында өтіп, құқықтық сауаттылықтың, заңға бағыну мәдениетінің және заңды құрметтеудің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әрі әділетті мемлекет құрудағы маңызын түсіндіруге бағытталды.

Подкаст барысында 2025–2030 жылдарға арналған «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасын іске асыру мәселелері, құқықтық тәрбиенің рөлі, заң мен моральдің арақатынасы, сондай-ақ сот төрелігін цифрландырудың перспективалары мен заң тәжірибесінде жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктері талқыланды.

Спикерлер ретінде Академия өкілдері мен ғылыми қауымдастық мүшелері сөз сөйлеп, құқықтық сауаттылықтың құқық бұзушылықтардың алдын алудағы және азаматтардың, әсіресе жастардың құқықтық санасын қалыптастырудағы маңызды құрал екенін атап өтті.

Осындай іс-шараларды өткізу қоғамның құқықтық институттарға деген сенімін нығайтуға және Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында айқындалған басымдықтарға сәйкес құқықтық мәдениетті дамытуға ықпал етеді.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (701) 512-64-30
Email:
7340104@prokuror.gov.kz