Қазақстан Респубикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының алғашқы кәсіптік даярлық тыңдаушылары Бас прокуратура ғимаратына барды. Іс-шара барысында олар қадағалау органдарының тарихымен, қызметімен және құрылымдық бөлімшелердің жұмысымен танысты. Сонымен қатар Азаматтарды қабылдау орталығында, Ахуалдық орталықта және мұражайда болды.
Сапар бағдарламасы шеңберінде тыңдаушылар Бас прокуратураның басшылығымен, кадрлық және функционалдық бөлімшелердің қызметкерлерімен кездесті. Прокуратура органдарының ардагері Әсет Әділханмен әңгімелесу ерекше қызығушылық тудырды, ол кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, оларға дұрыс бағыт-бағдар берді.
Мұндай кездесулер Академияның игі дәстүріне айналды және болашақ прокурорлардың кәсіби құзыреттерін дамытуға, прокуратура органдарының құрылу тарихы мен кезеңдері туралы, сондай-ақ қадағалау жүйесінің корпоративтік мәдениеті туралы білімдерін кеңейтуге бағытталған.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы – мәдени-мұражай кешенімен танысумен аяқталды. Республика күні қарсаңында өткізілген экскурсия бағдарламаның маңызды бөлігі болды және тыңдаушыларға тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу тарихын тереңірек түсінуге көмектесіп, олардың патриоттық сезімін нығайтты.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (701) 512-64-30
Email: 7340104@prokuror.gov.kz





