Алқабилер алқасы: халықаралық тәжірибе алмасу және практикалық шешімдер

2025 жылғы 24-25 қыркүйекте Түркістан қаласында Әзербайжан, Венгрия, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан прокуратураларының өкілдері қатысқан Мемлекеттік айыптаушылардың Бірінші халықаралық форумы өтті. Екі күн бойы прокурорлар мен сарапшылар тәжірибе алмасып, мемлекеттік айыптау институтын дамытудың практикалық шешімдерін талқылады.

Форумның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Марат Сексембаев: «Қазіргі заманғы мемлекеттік айыптаушы тек құзыретті және заңгерлік сауатты болып қана қоймай, сонымен қатар көпшілік алдында сөз сөйлеу мәдениетін, мемлекеттің ұстанымын дәлелдей білу қабілетін және қоғаммен өзара әрекеттесу дағдысын меңгеруі тиіс. Академия дәл осындай мамандарды дайындап, үздік тәжірибелермен алмасу үшін халықаралық ынтымақтастықты дамытуда», — деп атап өтті.

Форумның екінші күні «Алқабилердің қатысуымен өтетін сот талқылауының жекелеген аспектілері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Талқылауға Бас прокуратура, Құқық қорғау органдары академиясының өкілдері мен аумақтық прокурорлар қатысты. Бағдарламада мемлекеттік айыптауды қолдаудың негізгі мәселелері, іс жүргізу барысындағы өзара іс-қимылдың күрделі тұстары, алқабилерді іріктеу, сондай-ақ айыптау позициясын қалыптастырудағы прокурордың рөлі талданды.

Оқытудың практикалық форматтарына ерекше назар аударылды. Қатысушылар интерактивті тапсырмаларды орындап, психологиялық тренингке қатысып, кәсіби құзыреттіліктерін дамыту жолдарымен бөлісті. Мұндай тәсіл теорияны практикамен ұштастыруға, қарым-қатынас дағдылары мен төзімділікті нығайтуға мүмкіндік берді.

Осындай іс-шаралар құқық қорғау жүйесін жетілдіруге, кәсіби қауымдастықты нығайтуға және өзара іс-қимылдың ортақ мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (701) 512-64-30
Email:
7340104@prokuror.gov.kz