2025 жылғы 27 маусымда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қызметкерлері мен магистранттары Астана қаласындағы «SOS балалар ауылының» тәрбиеленушілері үшін құқықтық ағарту іс-шарасын өткізді.
Кездесу интерактивті форматта өтті. Балалар «Заң – біздің досымыз» дәрісіне қатысып, балалардың негізгі құқықтары, өз әрекеттері үшін жауаптылық, сондай-ақ ережелерді шынайы өмірде де, интернетте де сақтау маңыздылығы туралы білді. Ерекше назар жеке қауіпсіздік тақырыбына аударылды.
Іс-шара аясында «Қауіпсіздік ережелерін жина» атты оқу квест-ойыны өткізілді. Қатысушылар ойын түрінде қауіпсіз мінез-құлықтың негізгі қағидаларымен танысып, қауіп-қатерлерді анықтауды және түрлі өмірлік жағдайларда дұрыс шешім қабылдауды үйренді. Көрсетілген бейнематериалдар алынған білімді бекітуге көмектесті.
Балаларды құқықтық ағарту – жауапты әрі хабардар азаматтарды тәрбиелеуге бағытталған маңызды міндет. Академия осындай жобаларды жүзеге асыруды жалғастырып, қоғамдағы құқықтық мәдениетті кішкентай жастан бастап нығайта береді.