Бас прокуратурада салтанатты жиын өтті

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында Отан қорғаушылар күнімен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шараға қадағалау органының басшылығы мен қызметкерлері, прокуратура ардагерлері қатысты.

Салтанатты жиынды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов ашып, бұл мерекелердің тарихи маңызына тоқталды, ардагерлерге көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін алғысын білдіріп, елге адал қызмет ету мен бейбіт заманда заңдылықты қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Шара аясында прокуратура ардагерлеріне естелік наградалар, алғыс хаттар мен гүлшоқтары табысталды. Олардың адалдығымен прокуратура жүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін ризашылық сөздер айтылды.

Салтанатты жиында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған арнайы кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл жинақта соғысқа дейін немесе одан кейін прокуратура органдарында қызмет етіп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға үлес қосқан майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерліктері мен еңбектері баяндалған.

Мереке аясында Мемлекет басшысы заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтудағы прокурорлардың еңбегін атап өтті. Президент Жарлығымен прокуратураның бірқатар қызметкерлеріне жоғары басқарушылық құрамның сыныптық шендері мен мемлекеттік наградалар берілді.

Сондай-ақ, Бас Прокурордың бұйрығымен прокуратура органдарының ардагерлері мен қызметкерлері марапатталды.
Ресми марапаттау рәсімінен кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқық қорғау органдары академиясында Отан қорғаушылар күніне, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Академияның 10 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, «Таза Қазақстан» акциясы аясында және ұрпақтар сабақтастығының нышаны ретінде ағаш отырғызу ұйымдастырылды.

Іс-шара Қосшы қаласында, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туған жерінде өтті. Ол — жаудың жан-жақты оқ жаудыруына қарамастан, жауынгерлерімен бірге Рейхстагқа алғаш болып Жеңіс туынтіккен жан. Оның ерлігі — болашақ ұрпақ үшін батырлық пен қайсарлықтың өшпес өнегесі.

Академияның 10 жылдығына арналған салтанатты бөлімде Бас Прокурор мекеменің он жылдық жолын қорытындылап, үздік қызметкерлерді құрмет грамоталарымен марапаттады.

Сонымен қатар, Астанада орналасқан прокуратура органдары командалары арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылды.

Аталған мереке — ұрпақтар сабақтастығының, ардагерлерге құрметтің, ұлттық дәстүрлерге тағзым мен Академияның еліміздің құқық қорғау жүйесіндегі жетекші ғылыми-білім беру орталығы ретінде одан әрі даму жолындағы ұмтылысының айқын көрінісі болды.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі