Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Құқық қорғау органдары академиясында «Заң ғылымын трансформациялау: жас ғалымдардың көзқарасы» атты VIII Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. «Қазақстан прокурорлар қауымдастығы» РҚБ-мен бірлесіп ұйымдастырылған іс-шара Академияның 10 жылдық мерейтойына орайластырылған.
Конференция Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей және Өзбекстаннан келген құқықтанушы ғалымдарды біріктірді. Талқылауға жоғары оқу орындарының докторанттары мен магистранттары, сондай-ақ құқық қорғау қызметі саласындағы практик мамандар белсенді қатысты.
Академияның бірінші проректоры Қалиолла Сейтенов өзінің қарсы алу сөзінде жастарды ғылыми қызметке тартудың маңыздылығына назар аударды: «Ғылым саласы – мемлекеттің құрамдас бөлігі, ел болашағының кепілі. Заң ғылымының болашағы жас зерттеушілер мен ғалымдарда». Ол өршіл ғылыми міндеттерді жүзеге асыруға жаңа буынды тарту қажеттігін атап өтті.
Форумның құрметті қонақтарының қатарында Санкт-Петербург Тергеу комитеті академиясы ректорының м.а., доцент, әділет полковнигі Виктор Мишенин, Астана Халықаралық университетінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президенті Қайрат Әбдірахманов, Ұлттық қорғаныс университеті бастығының орынбасары Сапар Құлатаев, Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Асылхан Бибосинов, сондай-ақ Халықаралық кәсіби медиаторлар мен заңгерлер институтының басқарма төрағасы Жанара Үсіпбекова болды.
Конференция бағдарламасы қылмыстық және пенитенциарлық заңнаманы, қылмыстық сот ісін жүргізу және криминалистика мәселелерін, сондай-ақ азаматтық, әкімшілік және ақпараттық құқықтың өзекті мәселелерін қоса алғанда, көптеген тақырыптарды қамтыды. Прокуратура қызметіндегі заңдылық қағидаттарына, адам құқықтарын қамтамасыз етуге және тұрақты дамуға қол жеткізуге ерекше назар аударылды.
Форум қорытындысы бойынша құқық қорғау қызметі саласындағы ғылыми-зерттеу саясатын жетілдіруге бағытталған практикалық ұсынымдар тұжырымдалды, сондай-ақ болашақ іргелі және қолданбалы зерттеулер үшін бағыттар ұсынылды.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 615-41-81
Email: 7171498@prokuror.kz