Прокуратура органдарының басшы кадрларының біліктілігін арттыру: Қазіргі жағдайдағы көшбасшылық және басқару

2025 жылғы 3-7 наурыз аралығында Құқық қорғау органдары академиясында аудандық және қалалық прокуратура басшыларына арналған «Көшбасшылық және менеджмент: заманауи тәсілдер» тақырыбында біліктілікті арттыру курстары өтті.

Қоғамдық үдерістердің қарқынды өзгеруі және әлеуметтік шиеленістің күшеюі жағдайында құқық қорғау органдары басшыларының басқарушылық дағдыларын жетілдіру маңызды. Оқыту аясында көшбасшылық қасиеттерді дамытуға, тиімді коммуникация мен дағдарыстық жағдайларды басқару стратегияларын меңгеруге ерекше назар аударылды.

Курс барысында тыңдаушылар сындарлы келіссөздер жүргізу, қақтығыстардың, оның ішінде этносаралық шиеленістердің ушығуының алдын алу әдістерін меңгерді. Құқық қорғау органдарында көшбасшы болу тек кәсіби білім мен құзыреттілікті ғана емес, сонымен қатар эмоционалды интеллектті, ұжымға шабыт бере білу және мақсаттарға тиімді жету қабілетін талап етеді.

Сонымен қатар, курс қатысушылары ақпараттық жүйелермен аналитикалық жұмыс жүргізу ерекшеліктерін, қызметтік құжаттарды дайындау мәселелерін, сондай-ақ мемлекеттік тілде ауызша және жазбаша сөйлеу мәдениетін үйренді.

Көшбасшылық қасиеттер мен басқарушылық дағдыларды дамыту – прокуратура органдарының алдында тұрған міндеттерді тиімді орындаудың негізгі шарты. Құқық қорғау органдары академиясы заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін тиімді басқаруға, теңгерімді шешімдер қабылдауға және жауапкершілікті өз мойнына алуға қабілетті жоғары білікті кадрларды даярлау бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.