2024 жылдың 10 қазанында Құқық қорғау органдары академиясының докторанттары Назарбаев Университетінде болды. Бұл іс-шара ғылыми зерттеулерді ұйымдастыруға байланысты пәндер бойынша практикалық сабақтардың бір бөлігі болды және Академия оқытушылары мен Назарбаев Университетінің Жоғары білім мектебінің профессоры, PhD докторы Дюшен Шаматовтың белсенді қолдауымен ұйымдастырылды.
Профессор Шаматов докторанттарға Университет кампусына қызықты экскурсия жасап, оларды жоғары оқу орнының жетекші мектептері орналасқан негізгі оқу ғимараттарымен, сондай-ақ кітапханамен таныстырды. Экскурсия докторанттарға Қазақстанның жетекші университеттерінің бірінің атмосферасына енуге, заманауи оқу орындарын көруге және студенттерге қандай ресурстар қолжетімді екенін түсінуге мүмкіндік берді.
Академия докторанттары экскурсиядан бөлек, Назарбаев Университеті профессорларының сабақтарына қатысты. Бұл оларға оқу-тәрбие процесімен танысып қана қоймай, оқытушыларға да, студенттерге де сұрақтар қоюға мүмкіндік беріп, пікір алмасуға және олардың ой-өрісін кеңейтуге ықпал етті. Зерттеу жұмысының түрлі аспектілері талқыланған доктор Мир Авзалдың сабағына қатысу ерекше маңызды болды, докторанттар үлкен қызығушылықпен және белсенді қатысты.
«Ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру. Әдеби шолу. Сапалы зерттеу әдістері» тақырыбы аясында Назарбаев Университетінің Жоғары білім мектебінің докторанттарымен, сонымен қатар қазіргі студенттермен де, диссертация қорғап PhD дәрежесін алған түлектермен де дөңгелек үстел форматында кездесу өтті. Университет түлектері диссертация дайындау тәжірибесімен бөлісті, зерттеу тақырыптарын таңдау, жұмысты жоспарлау және қорғау процесінде кездесетін қиындықтар туралы айтты.
Мұндай ғылыми-танымдық іс-шаралар Академия докторанттарын даярлаудың құрамдас бөлігі болып табылады. Олар оқудың алғашқы айларынан бастап еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ғылыми-білім беру қызметінің табысты тәжірибесіне қол жеткізуге, болашақ ғалымдардың ғылыми құзыреттілігі мен ынтасын арттыруға мүмкіндік береді.
Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі