Орталық Азияның күштік құрылым өкілдері терроризмге қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады

Терроризм қазіргі қоғамның басты және ең қауіпті сын-қатерлерінің бірі болып қалуда. Әлемде бұл қауіптен толық сақтандырылған бірде-бір ел жоқ. Терроризмнің әртүрлі көріністері мен жойқын әсерлері, ең алдымен, алдын алу тетіктеріне негізделген кешенді күресті қажет етеді.

Бұл стратегияның негізгі құрамдас бөліктерінің бірі қылмыстардың ауқымды салдарына байланысты террористердің нысанасына айналуы мүмкін осал нысандарды терроризмге қарсы қорғау болып табылады. Мұндай нысандарға мектептер, университеттер, сауда орталықтары, көлік инфрақұрылымы нысандары және басқа да адамдар көп жиналатын орындар жатады.

Шабуылдардың алдын алу және олардың салдарын барынша азайту үшін бұл объектілер инженерлік-техникалық күзет жабдықтарымен жарақтандырылады, жедел ден қою және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасау дағдыларын дамыту үшін нұсқамалар мен оқу-жаттығулар өткізіледі.

Бұл міндетті іске асыру жұмыстың нысандары мен әдістерін үнемі жетілдіруді, тәуекелдерді мұқият бағалауды, озық әлемдік тәжірибені ескере отырып, терроризмге қарсы шаралар жоспарын әзірлеуді талап етеді.

Бұл мәселелер ағымдағы жылдың 27-28 мамырында өткен Орталық Азия елдерінің (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан) күштік ведомстволары мен басқа да ұйымдарының өкілдері үшін ЕҚЫҰ терроризмге қарсы бөлімшесінің және ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің қолдауымен Құқық қорғау органдары академиясы ұйымдастырған өңірлік семинардың тақырыбы болды.

Халықаралық семинарда спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, әуежайларды, оқу орындарын, діни және өзге де объектілерді терроризмге қарсы қорғаудың өзекті мәселелері талқыланды. АҚШ, Ұлыбритания, Чехия, Германия, Франция, БҰҰ және ЕҚЫҰ ұлттық және шетелдік сарапшыларының баяндамалары ұсынылды.

Семинар қорытындысы бойынша террористік тұрғыдан осал объектілерді қорғау тетігінің тиімділігін арттыру бойынша бірқатар ұсынымдар әзірленді.

Құқық қорғау органдары Академиясының
баспасөз қызмет