Бүгін Құқық қорғау органдары академиясы Бас прокуратурамен бірлесіп, Қазақ КСР Прокуроры мен Қазақ КСР Жоғарғы сотының төрағасының 95 жылдығына арналған «Елемесов Ғалым Бәжімұлы заң мен әділдікке қызмет етудің жарқын үлгісі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Іс-шара прокуратура органдарының ардагерлерінің, сот жүйесі өкілдерінің, Ғалым Бәжімұлының туыстарының, профессор-оқытушылар құрамы мен Академияның білім алушыларының қатысуымен өтті.
Академия ректоры Марат Сексембаев, Бас прокуратураның Кадрлық жұмыс департаментінің бастығы Аида Әнуар, Maqsut Narikbaev University директорлар кеңесінің төрағасы Болат Сембин, Судьялар одағының төрағасы Сәкен Абдолла, прокуратура органдары ардагерлер одағының төрағасы Әсет Әділхан, сондай-ақ Ғалым Бажымұлының басшылығымен жұмыс істеген прокуратура ардагерлері Гүлжан Қарақұлова мен Серік Темірболатов құттықтау сөз сөйледі.
1981-1990 жылдар аралығында Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Төрағасы және Қазақ КСР Прокуроры лауазымдарын атқара отырып, Ғ.Б. Елемесов заңдылық пен әділдікті нығайтуға баға жетпес үлес қосып, тәуелсіз мемлекет құрудың бастауында болды. Ол сот жүйесін жаңғыртуда, прокуратура органдарының жұмысына жаңа стандарттарды енгізуде және заңның үстемдігін нығайтуда шешуші рөл атқарды.
Іс-шара аясында «Ғалым Бәжімұлы Елемесовтың өмір жолы» атты естелік бейнеролик көрсетілді, ал Академия магистранты Қойлыбаев Мейрамбек заңғар прокурор туралы өзі шығарған өлең оқыды.
Ғалым Бәжімұлы әрқашан мамандық таңдауда өскелең ұрпақ үшін үлгі болған және болып қала береді. Мұндай іс-шаралар прокуратура органдарының жас қызметкерлерін патриоттық және адамгершілік тәрбиелеудің жақсы дәстүріне айналуда.
Құқық қорғау органдары Академиясының
баспасөз қызметі