Үстіміздегі жылдың 19 сәуірінде Құқық қорғау органдары академиясының ұжымы құрған «Балалардың қауіпсіздігі сіздің қолыңызда» фильмі профессор В.К. Гавло атындағы XI халықаралық криминалистика кинофестивалінің «Гран-при» жоғары наградасына ие болды. Іс-шара Томск мемлекеттік университетінің Новосібір заң институтының (филиалының) 85 жылдығын мерекелеу аясында өткізілді және криминалистика ғылымын насихаттауға бағытталған.
Кинофестиваль әртүрлі елдерден, соның ішінде Ресей, Беларусь, Қазақстан, Моңғолия және Өзбекстаннан 90-нан астам фильм жинады. Академияның бірінші проректоры Калиолла Сейтенов пен аға оқытушы Артур Баймаханов әзірлеген фильмді қазылар алқасы құқықтық білімді насихаттауға қосқан үлесі үшін жоғары бағалады.
Бұл жетістік Академия қызметкерлерінің шығармашылық әлеуетін ғана емес, сонымен қатар олардың білім алушылардың сот сараптамасына деген қызығушылығы мен түсінігін арттыратын білім беру мазмұнын құру қабілетін көрсетеді.
Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі