Құқық қорғау органдары академиясында қылмыстық саясатты дамыту перспективалары туралы ғылыми семинар өтті

Прокуратура органдарында тіл саясатын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру мақсатында Құқық қорғау органдары академиясы магистранттар мен докторанттар үшін «Қазақстан Республикасының қылмыстық саясатын дамыту перспективалары» тақырыбында мемлекеттік тілде ғылыми семинар өткізді.

Семинарды Академияның Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының Арнайы заң пәндері кафедрасы ұйымдастырды және оған құқық саласындағы жетекші сарапшылар, профессорлық-оқытушылар құрамы, магистранттар мен докторанттар қатысты.

Іс-шараның ашылуында Академияның профессоры Назарбек Жемпиисов өзінің алғы сөзінде қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіп жағдайында қылмыстық саясатты әзірлеудің маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Семинар шеңберінде Академияның бас ғылыми қызметкері Бибігүл Құлмұханбетованың, Бас Прокурордың аға көмекшісі, топ жетекшісі Жебеген Құранбектің баяндамасын қоса алғанда, сарапшылар мен жас зерттеушілердің баяндамалары ұсынылды. Негізгі талқылау қылмыстық саясаттың криминологиялық аспектілеріне, сондай-ақ оны дамытудың инновациялық тәсілдеріне қатысты болды.

Семинар жұмысы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін, Қазақстан Республикасының қылмыстық саясатын дамытудың негізгі бағыттары мен перспективаларын талқылай отырып, ғылыми пікірталас түрінде өтті.

Магистранттар мен докторанттар өз зерттеулерінің нәтижелерін ұсынып, пікірталастарға белсенді қатысты, бұл кейіннен олардың диссертациялық жұмыстарында көрініс табады. Байқоңыр ғарыш айлағының аумағында қылмыстық қудалау мәселелері туралы баяндама ерекше қызығушылық тудырды.

Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі