Синтетикалық есірткінің, әсіресе жастар арасында таралуына қарсы іс-қимыл мәселелері жыл сайын өзекті болып келеді. Оған қатысты азаматтардың саны артуда.
Қазіргі қоғамның нағыз індетіне айналған есірткі саудасы, әсіресе синтетикалық есірткі, шешуші және тиімді қарсы шараларды қажет етеді.
Медицина саласындағы сарапшылар синтетикалық препараттар 90% жағдайда оларды бірінші рет тұтынғаннан бастап тәуелділік тудыратынын, яғни, генофондқа және ұлт денсаулығына жаһандық қауіп төндіретінін растайды.
Синтетикалық есірткілердің таралуының өсуі және Қазақстанда жасырын нарколабораториялардың дамуы аясында елге әкелінетін есірткі өндірісінде әлеуетті пайдаланылатын химиялық заттар мен жабдықтардың айналымын мониторингілеу және бақылау қажеттілігі бар.
Осындай қажеттілікті ескере отырып, Құқық қорғау органдары академиясы АҚШ Елшілігінің халықаралық есірткіге қарсы күрес және заңдылықты сақтау (INL) бөлімімен бірлесіп, мемлекеттік базалар мен коммерциялық сектордан деректерді жедел алудың автоматтандырылған мүмкіндіктері арқылы нақты уақыт режимінде нысаналы орталықты құру тәжірибесін зерделеу, күдікті жүктер, жөнелтушілер мен алушылар туралы мәліметтерді талдау және т.б. үшін сарапшылар кездесуін бастады.
«Нашақорлыққа қарсы күресте уәкілетті органдар үшін қиындық мынада: мұндай есірткіге арналған құрамдас бөліктердің өздері және құрамдас бөліктерді өндіру үшін пайдаланылатын жабдықтар айналымда тыйым салынбайды және өте қарапайым… сондықтан елге әкелінетін химиялық заттар бойынша деректерді жинаудың, талдаудың және пайдаланудың тиімді тетігі қажет», – деп атап өтті Академия ректоры М. Сексембаев.
Құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен екі күндік кездесуде ұқсас шетелдік орталықтар қызметінің заңды негіздері, олардың құрылымдары мен жұмыс принциптері талқыланды. Деректерді жинау үшін қолданылатын автоматтандырылған жүйелерді талдауға және азаматтық қоғаммен ынтымақтастық мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылады.
АҚШ пен Литва Республикасының өкілдері өз елдеріндегі шекарадан өтетін адамдар, жүктер мен көліктер туралы деректерді жинау, талдау және бақылау тәртібі туралы айтып, өз тәжірибелерімен бөлісті (АҚШ-та Орталық кедендік және шекаралық бақылау қызметінде, ал Литвада Есірткі прекурсорларын бақылау және тәуекелдерді бағалау басқармасы осы мәселелермен айналысады).
Іс-шараға қатысушылар ұсынылған шетелдік тәжірибемен танысып, Қазақстанда осындай орталық құруға қызығушылық танытты.
Жалпы, іс-шара Орталық Азия өңірінде ұлттық қауіпсіздікті одан әрі нығайту және есірткі қаупіне қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды іздеуге бағытталған.
Құқық қорғау органдары академиясының баспасөз қызметі