Инфрақұрылым объектілерін терроризмнен қорғау

Бүгін Құқық қорғау органдары академиясында күш ведомстволарының қызметкерлері үшін осал объектілерді террористік шабуылдардан қорғау мәселелері бойынша екі күндік семинар аяқталды.

Іс-шараны Академия ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисімен бірлесіп ұйымдастырды, оның сарапшылары аса маңызды инфрақұрылымды сәйкестендіру мен басымдылығын айқындаудың, қауіпсіздік шараларын сақтаудың, тәуекелдерді төмендету мен басқарудың өзекті тақырыптарын атап өтті.

Семинар барысында Францияның оқу орындарын қорғау және «мектеп терроризмінің» ықтимал қаупіне қарсы тұру тәжірибесі де қарастырылды.

Спикерлер терроризмге қарсы күрес жүйесіндегі негізгі буын террорлық шабуыл жасауға осал стратегиялық, азаматтық және басқа да объектілерді қорғау болып табылатынын атап өтті. Оларға қылмыстың ауқымды ауыр зардаптарына байланысты террористердің нысанасына айналуы мүмкін ғимараттар, құрылыстар және басқа да көпшілік жиналатын қоғамдық орындар жатады.

Сондықтан мұндай объектілерде мемлекет терроризм актісін жасауға кедергі келтіретін, сондай-ақ оның салдарын барынша азайтуға және жоюға мүмкіндік беретін жағдайлар жасайды. Бұл бақылау-өткізу режимі, қарулы күзет, бейнебақылау және басқа да алдын алу шаралары.

Іс-шараға қатысушылар объектілерді терроризмге қарсы қорғауда күштер мен құралдардың тұрақты дайындығын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік органдардың тиімді шоғырландырылған іс-қимылдарын талқылады, бұл бірінші кезекте кадр ресурстарының кәсібилігін жүйелі арттыруды талап етеді.

Семинар күш құрылымдарының қызметкерлерін техникалық біліммен және осындай қылмыстарға қарсы іс-қимылдың озық халықаралық тәжірибесімен таныстыруға мүмкіндік берді.

 

 

Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі