Парламент Сенатында құқықтық білім беруді дамыту мәселесі талқыланды

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің бастамасымен заң білімінің сапасын арттыру және одан әрі дамыту мәселелері бойынша Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Іс-шараны Парламент Сенаты, Бас прокуратура және Құқық қорғау органдары академиясы ұйымдастырды.

Жетекші ғалымдарды, Бас прокуратураның, Ғылым және жоғары білім, Ішкі істер министрліктерінің, Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының, сондай-ақ еліміздің жоғары оқу орындарының өкілдерін жинаған Конференция заң білімін дамытудың өзекті мәселелеріне арналды.

Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров заң кадрларын даярлаудың маңыздылығын және осы жұмысты заманауи сын тегеуріндерге сәйкес жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Марат Сексембаев өз кезегінде саладағы негізгі проблемалар туралы конференцияға қатысушыларға айтып берді. Олардың қатарында жоғары оқу орындарының коммерциялық мақсаттары, теориялық курстардың басым болуы, оқытушылар құрамының әлсіздігіне байланысты проблемалар және басқа да мәселелер бар.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекұлы заң білімін жаңғырту қажет екенін атап өтіп, академиялық қоғамдастықты болашақ заңгерлерді оқыту бағдарламалары мен әдістемелерін одан әрі дамыту үшін жаңа идеялар ұсынуға шақырды.

Ал Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының ректоры Зәуреш Баймолдина оқу орындарының проблемаларына назар аударып, ғалым-оқытушының жалақысын көтеру мен мәртебесін арттыруға назар аудару қажет екенін атап өтті.

Конференция барысында О.Е.Кутафин атындағы Мәскеу мемлекеттік заң университетінің бірінші проректоры Инна Ершова, Ресей ІІМ Волгоград академиясының профессоры Ольга Дронова, М.С.Нәрібаев атындағы ҚАЗГЗУ ректоры Сергей Пен, Әл-Фараби ҚазҰУ заң факультетінің деканы Дәулет Байделдинов және басқалар сөз сөйледі.

Конференцияға қатысушылар заң білімін дамытудың негізгі аспектілерін талқылай отырып, заңгерлерді даярлаудың ағымдағы жүйесінің проблемаларын анықтады және заң жоғары оқу орындарында оқытудың тиімділігін арттыру жолдарын ұсынды. Заңтану салалары бойынша түлектердің практикалық жұмыс дағдылары мен мамандануына ерекше назар аударылды.

Конференция жұмысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында заң білімін одан әрі дамытуға, әрі заңгерлерді даярлау сапасын жақсартып, қазіргі заман талаптарына бейімделуге жаңа мүмкіндіктер ашатын бірқатар ұсынымдар әзірленді.

 

Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі