Ұрланған активтерді анықтау, тәркілеу және қайтару бойынша халықаралық тәжірибе алмасу

Бүгін Құқық қорғау органдары академиясында прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлеріне қаржылық тергеу жүргізудің және ұрланған активтерді шетелден қайтарудың өзекті мәселелеріне арналған тренинг өз жұмысын бастады.

Тренингтің мақсаты Елбасының шетелден заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару бойынша қойған міндеттері аясында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру болып табылады.

Іс-шараны БҰҰ-ның Орталық Азиядағы есірткі және қылмыс жөніндегі өңірлік басқармасының және АҚШ-тың ҚР-дағы Елшілігінің қолдауымен Құқық қорғау органдары академиясы ұйымдастырды.

Халықаралық және ұлттық сарапшылар қаржылық тергеудің, шетелге әкетілген қылмыстық капиталды мемлекетке қайтарудың, қаржылық құқық бұзушылықтарға қарсы күресте тиімді ведомствоаралық өзара іс-қимылдың озық әлемдік тәжірибесімен бөлісті.

4-6 наурыз аралығында тренинг тыңдаушылары нақты кейстерде қатарлас қаржылық тергеулер жүргізу, заңсыз кірістерді заңдастыру және ұрланған мүлікті тәркілеу схемаларын анықтау әдістерін меңгеретін болады.

Сондай-ақ ұрланған қаражатты тәркілеу және қайтару жөніндегі халықаралық құқықтық тетіктермен және АҚШ, Еуропа елдерінің қаржылық тергеу жөніндегі құзыретті органдарының тәжірибесімен танысады.

Алынған білім құқық қорғау органдарына қолданыстағы халықаралық құқықтық құралдарды іс жүзінде тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылы аталған тақырып бойынша тағы да бірқатар тренингтер өткізу жоспарлануда.

 

 

Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі