Бірінші әйел генералдың «Анаға құрмет» мұражайына сапары

Осы жылдың 23 қаңтарында «Анаға құрмет» мұражайында Құқық қорғау органдары академиясының профессоры, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Сәуле Айтпаева құқық қорғау органдарының жас қызметкерлерімен, курсанттарымен және студенттерімен кездесті.

«Анаға құрмет» мұражайы – Іле Алатауының көркем бөктерінде орналасқан рухани-мәдени кешеннің бір бөлігі. Оның экспозицияларында жүрегі әйел-ана болған қазақ отбасының дәстүрлі тұрмыстық заттары бар. Кешеннің жекелеген бұрыштары халық мақтан тұтатын қазақ даласын дәріптеген әйелдер туралы баяндайды.

Олардың бірі Сәуле Мұханбедианқызы Айтпаева – Қазақстан тарихында генерал атағын алған алғашқы әйел екені сөзсіз.

2017 жылы мұражайда арнаулы бұрыштың ашылуы – генерал әйелдің еңбегін, оның елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан жеке үлесін лайықты бағалау болып табылады.

Қонақтарды қарсы ала отырып, мұражай директоры Гүлнар Әбіш оның мемлекет алдындағы сіңірген еңбегін атап өтіп, көпжылдық және жемісті қызметі, таңдаған ісіне адалдығы үшін ризашылығын білдірді.

Сәуле Мұханбедианқызы отыз жылдан астам уақыт прокурорлық салада қызмет етті, балалар омбудсмені, Парламент Сенатының депутаты болды, мемлекеттік және ведомстволық наградалары бар.

С. Айтпаева бала құқықтарының, тәрбие мен оқытудың, Отанға деген сүйіспеншіліктің, адамгершіліктің маңызды тақырыптарын қозғады. Жастарға қызметтік борышын абыроймен атқарып, адал еңбек етіп, өз қызметінің кәсіби маманы болуды тіледі.

Жиналғандар естеліктерді шынайы қызығушылықпен тыңдап, «құрметті қонақтың» жолынан және өмірінен көптеген қызықты және танымдық деректер білді.

Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі