Адам саудасына байланысты қылмыстар бойынша дәлелдемелер жинау жөніндегі тренинг

Бүгін Астанада тергеушілер мен ішкі істер органдарының жедел қызметкерлерін адам саудасына байланысты қылмыстар бойынша дәлелдемелер жинау бойынша үш күндік оқыту аяқталды.

Іс-шараны Құқық қорғау органдары академиясы Ішкі істер министрлігімен және Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесіп, әрі Қазақстан Республикасындағы АҚШ Елшілігінің қолдауымен өткізді.

Тренинг бағдарламасы адам саудасына қатысты көптеген мәселелерді қамтыды. Атап айтқанда, тыңдаушылар адам саудасына қарсы күрес саласындағы ұлттық нормативтік-құқықтық базамен, «Қазақстан Республикасында адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң жобасының ережелерімен танысты.

Адам саудасының ахуалына шолу шеңберінде республикада заңсыз пайдалануға байланысты қылмыстардың қазіргі жағдайы мен үрдістеріне, қылмыс құрбандарын сәйкестендіру және оларға көмек көрсету жөніндегі шаралардың тиімділігіне талдау ұсынылды.

Қатысушылар зардап шеккендердің қажеттіліктеріне бағытталған тәсілдерге ерекше назар аударды. Ұлттық және шетелдік сарапшылар заңсыз пайдаланудың әртүрлі нысандарын бастан өткерген адамдармен жұмыс істеудің негізгі принциптері, жәбірленушілердің мүдделерін сақтаудың халықаралық құқықтық негіздері туралы әңгімеледі.

Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері зардап шеккендермен өзара іс-қимыл стратегияларына, адам саудасынан зардап шеккендердің әлеуметтік портретін зерттеуге, көмек көрсетудегі ықтимал қиындықтарға, сондай-ақ қанаудың салдарына назар аударды.

Осы санаттағы қылмыстарды тергеу ерекшеліктерін талқылау барысында қатысушылар адам саудасының белгілерін, оның ішінде онлайн және цифрлық ортада анықтау және бекіту әдістемесімен, тергеуді жүргізудің бастапқы кезеңінде жекелеген тергеу әрекеттерін жүргізу тактикасымен танысты. Сондай-ақ нақты қылмыстық істер негізінде дайындалған кейстермен жұмыс жүргізді.

Халықаралық ынтымақтастықты нығайту контекстінде адам саудасы фактісінің дәлелдерін жинау және дәлелдеуге жататын мән-жайларды тергеу кезінде халықаралық құқықтық көмек құралдарын пайдалану мәселелері қарастырылды.


Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі