Заң білімін одан әрі дамыту мәселелері бойынша сенаторлармен жұмыс кездесуі өтті

Бүгін Құқық қорғау органдары академиясында Бас прокуратура басшылығының Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров бастаған мүшелерімен жұмыс кездесуі өтті. Күн тәртібіндегі басты тақырып келесі жылға жоспарланған құқықтық білім берудің сапасын арттыру және одан әрі дамыту бойынша бірлескен ғылыми-тәжірибелік конференцияға дайындық мәселелері болды.

Кездесуді Бас Прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев ашты. Талқыланып отырған мәселенің өзектілігін атап өтіп, ол: «Құқықтық білім беру сапасын жетілдіру Қазақстанның құқықтық жүйесінің тұрақты дамуының іргелі шарты болып табылады. Мемлекеттік бақылаудың әлсіреуі кезіндегі заң факультеттерінің білім беру қызметіне сұраныстың жоғары болуы мамандарды дайындау деңгейінің төмендеуіне әкелді. Сондықтан бұл сала одан әрі жетілдіруді талап етеді» — деді.

Нұрлан Бекназаров өз сөзінде бейіндік білім беруді жаңғырту және жоғары оқу орындарының заң кадрларын дұрыс дайындағаны үшін жауапкершілігін күшейту мәселелерін көтерді. Жоғарғы оқу орынның түлегі алатын кәсіби білім мен дағдылардың деңгейі, тәжірибе қажеттіліктері мен құқық қорғау қызметінің заманауи талаптарына сай болуы керек, деп атап өтті сенатор.

Академия ректоры Марат Сексембаев өз сөзінде депутаттарды оқу орын қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырды. Жоғарғы оқу орындардың түлектерді дайындау тәжірибесін ескере отырып, ол жиналғандардың назарын Академияға келген мамандардың білім деңгейінің жеткіліксіздігіне аударды. Сонымен қатар құқық қорғау органдарын кадрлармен қамтамасыз етудің ауыр тұстары мен Академияға қабылдау науқандарының нәтижелеріне тоқтады.

Талқыланған тақырып аясында заңнамалық және құқық қолдану тәжірибесінің өзекті мәселелері де талқыланды.

Атап айтқанда, кездесуге қатысушылар құқық қорғау қызметі туралы заңға қазіргі уақытта әзірленіп жатқан түзетулер бойынша пікір алмасты. Ұсынылып отырған жаңалықтар кадрлық резервке іріктеу, жоғары басшылық лауазымдарға тағайындау жүйесін жетілдіруге бағытталған және құқық қорғау органдарының кадрлық құрамын айтарлықтай жақсартуға арналған.

Отырысты қорытындылай келе Әсет Шындалиев қадағалау қызметі мен құқық қолдану тәжірибесі қолданыстағы заңдардың тиімділігін жүйелі және объективті бағалауға, олардың қайшылықтары мен кемшіліктерін анықтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондықтан мұндай кездесулер бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыру, құқықтық базаны жетілдіру бойынша маңызды бастамаларды жүзеге асыруда кәсіби қарым-қатынастар мен өзара түсіністікті нығайту үшін қажет.

Сондай-ақ ол алдағы конференцияның ұсыныстары құқықтық білім беру сапасын одан әрі арттыруға бағытталған кешенді шараларды қалыптастыруға негіз болатынына сенім білдірді.

Сапар барысында депутаттарға экскурсия ұйымдастырылып, олар Академиядағы білім алушылардың материалдық-техникалық жабдықталуымен, оқу және тұру жағдайларымен танысты.


Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі