Академия ректоры Халықаралық конференцияға қатысты

Құқық қорғау органдары академиясының ректоры «Құқық қорғау саласындағы заң білімі және ғылым: заманауи үрдістер мен перспективалар» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысты (Ташкент қ.).

Іс-шараға халықаралық ұйымдардың, құқық қорғау органдарының өкілдері, ғылыми-білім беру мекемелерінің басшылары, Германия, Грузия, ҚХР, Малайзия, БАӘ, АҚШ, Словения, Түркия, Швеция, Жапония және ТМД елдерінің ғалымдары мен сарапшылары жиналды.

Марат Сексембаев конференция барысында «Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін даярлау: Қазақстан Республикасының тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады.

Академия ректоры өз сөзінде құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, оның ішінде Президенттік резервте тұрған басшыларды іріктеу мен оқыту саласындағы негізгі аспектілер мен инновациялық тәсілдеріне тоқталды. Баяндама соңында оқу процесінің тиімділігін арттыру үшін елдер арасында білім мен тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Конференция аясында Марат Сексембаев Өзбекстан Республикасы Құқық қорғау академиясы бастығының бірінші орынбасары Евгений Коленкомен екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар оқу орындары арасындағы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, бірлескен ғылыми-білім беру іс-шараларын өткізу жоспарларын айқындады.


Құқық қорғау органдары Академиясының
баспасөз қызметі