БҰҰ ЕҚБ өкілдерімен кездесу өткізілді

2023 жылғы 16 тамызда Құқық қорғау органдары академиясы қызметкерлері БҰҰ ЕҚБ-ның ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік кеңесшісі Александр Водяноймен кездесті.

Тараптар Қазақстан мен Орталық Азия құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл саласында бірлескен оқыту іс-шараларын ұйымдастыру мүмкіндіктерін талқылады.

А. Водяной серіктестік қатынастарды нығайтуға қызығушылық танытып, Академияның оқу іс-шараларын өткізуге жан-жақты көмек көрсетуге дайын екендігін білдірді.

Жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік хаб ретінде Академияға техникалық көмек көрсету, қаржылық тергеу және активтерді қайтару саласында ұлттық жаттықтырушылар пулын дайындау, есірткі ұстаудан түскен кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша симуляциялық тренингтер ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ кірістерді жылыстатудың алдын алу, терроризмді қаржыландыру, кәсіби аккредиттеудің IT-жүйесін құру және аталған саладағы мамандарды дамыту жөніндегі ұлттық бағдарламаны іске асыру мәселелері қозғалды.

Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар білім беру іс-шараларын бірлесіп өткізу және қаржы тергеулері, есірткі қылмысынан түскен кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл бойынша симуляциялық тренингтер саласындағы сарапшылар пулын дайындау туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

 

Құқық қорғау органдары академиясының 
баспасөз қызметі