Құқық қорғау қызметін дамытуға қосқан үлесі үшін  

Құқық қорғау органдары академиясында профессор, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Асқар Асанханұлы Секишевті еңбек сіңірген демалысына шығарып салуға арналған салтанат өтті.

Жоғары оқу орнының ректоры Марат Сексембаев өз сөзінде көпжылдық және мінсіз құқық қорғау қызметі үшін алғысын білдіріп: «Сіздің еңбекқорлығыңыз, кәсібилігіңіз, әрбәр іске жауапкершілікпен қарауыңыз азаматтардың құқықтары мен мемлекет мүдделерінің заңдылығын және қорғалуын қамтамасыз етуге зор үлес қосты», – деп атап өтті.

Асқар Асанханұлы қызмет еткен жылдары өзін беделді басшы, тәлімгер және сарапшы ретінде көрсетті. Көптеген қоғамдық және ғылыми орындарда ол соттың, прокуратура органдарының және Академияның мүдделерін сәтті қорғады.

Көшбасшылық қасиеттері, заңдылықты нығайтудағы және қоғамдық тәртіпті қорғаудағы жетістіктері үшін II дәрежелі «Данқ» орденімен және көптеген ведомстволық наградалармен марапатталған.

Асқар Асанханұлының орасан зор кәсіби және өмірлік тәжірибесін ескере отырып, Ғылыми кеңестің ұсынысы бойынша ректордың бұйрығымен оған «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының құрметті профессоры» атағы берілді.

Қазақстандық прокурорлар қауымдастығының, ардагерлер кеңесінің төрағалары, Академияның әріптестері мен тыңдаушылары Асқар Секишевтің атына көптеген жылы лебіздерін білдіріп, жаңа кезеңде жарқын шығармашылық табыс, денсаулық, амандық, ұзақ және бақытты өмір тіледі.

 

Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі