Ұрланған активтерді қайтару бойынша халықаралық тәжірибе алмасу

Елордада прокуратура мен экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлеріне қаржылық тергеу жүргізудің және ұрланған активтерді шетелден қайтарудың өзекті мәселелеріне арналған семинар-тренинг өз жұмысын аяқтады.

Тренингтің мақсаты – Мемлекет басшысының шетелден заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару бойынша қойған міндеттері аясында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру.

Іс-шараны БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Есірткі және қылмыс жөніндегі өңірлік басқармасының қолдауымен Құқық қорғау органдары академиясы ұйымдастырды.

Белгілі халықаралық және ұлттық сарапшылар қаржылық тергеудің, шетелге әкетілген қылмыстық капиталды мемлекетке қайтарудың, қаржылық қылмысқа қарсы күресте тиімді ведомствоаралық өзара іс-қимылдың озық әлемдік тәжірибесімен бөлісті.

Нақты кейстерде тыңдаушылар қатарлас қаржылық тергеу жүргізу, заңсыз кірістерді заңдастыру схемаларын анықтау, ұрланған мүлікті тәркілеу әдістерін игерді.

Тыңдаушылар осы санаттағы істер бойынша тергеу-сот практикасын, өзара құқықтық көмек шеңберіндегі табысты халықаралық ынтымақтастықтың мысалдарын зерделеді.

Ұрланған қаражатты қамауға алу және қайтару жөніндегі халықаралық құқықтық тетіктермен, сондай-ақ АҚШ пен Еуропа елдерінің қаржылық тергеу жөніндегі құзыретті органдарының тәжірибесімен танысты.

Заңсыз әкетілген мүлікті іздеуде және алып қоюда мамандарға үлкен көмек көрсете алатын ақпарат алмасу жөніндегі халықаралық бейресми желілерді (Арин, Карин, Эгмонт) іс жүзінде пайдалану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Алынған білім құқық қорғау органдарына қолданыстағы халықаралық құқықтық құралдарды тиімдірек пайдалануға мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылы аталған тақырып бойынша тағы да бірқатар тренингтер өткізу жоспарлануда.

 
Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі