Шетелдік террорист-содырларды репатриациялау және қайта біріктіру мәселелері жөніндегі атқарушы форум

Құқық қорғау органдары академиясы АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің Өңірлік қауіпсіздік бөлімімен бірлесіп, Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан прокуратурасы мен ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін репатриация, реинтеграция және рецидивтер бойынша атқарушы форум өткізді.

Тренингті американдық сарапшылар Райан Грейер, Уильям Брэнифф және Барнет Ковин жүргізді.

Тренинг тақырыбының өзектілігі қақтығыс аймақтарынан оралған шетелдік террорист-содырлар (ШТС) мен олардың отбасылары тудыратын ықтимал қауіптер контекстінде халықаралық ынтымақтастықты күшейтудің стратегиялық мақсаттарына байланысты.

Форум барысында ШТС ағындарын анықтау және жолын кесу, оларды репатриациялау және интеграциялау үшін уәкілетті құрылымдардың өзара іс-қимылын нығайту мәселелері көтерілді.

Репатриацияланған содырларды қудалау, террористердің халықты жалдау және радикалдандыру мүмкіндіктерін болдырмау, экстремистік актілер жасау мәселелері талқыланды.

Орталық Азия елдерінің оралған азаматтарды, әсіресе әйелдер мен балаларды репатриациялау, оларды қоғамға қайта біріктіру бағдарламаларын іске асырудағы озық тәжірибесі зерделенді. Әлеуметтік реинтеграция жолында оралмандарды қолдауға азаматтық қоғамның қатысуының маңызы атап өтілді.

 

Құқық қорғау органдары академиясының 
баспасөз қызметі