Ұрланған активтерді қайтару бойынша халықаралық тәжірибе алмасу

Астанада «Еуропа мен Орталық Азиядағы халықаралық ынтымақтастықты жақсарту арқылы активтерді қайтару» өңірлік конференциясы өтті, оған Құқық қорғау органдары академиясының проректоры Гүлнар Шушикова қатысты.

Іс-шара бір үстелге 14 елдің – Албания, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Латвия, Молдова, Польша, Сербия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Украина, Чехия, Эстония өкілдерін жинады.

Қатысушылар қамауға алынған және тәркіленген активтерді қайтару және басқару бойынша жұмыс тәжірибесімен бөлісті, қаржылық қылмыстарды тергеудің проблемалық аспектілерін, сондай-ақ активтерді қайтару істеріндегі өңірлік ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады.

Еуропа Кеңесінің сарапшылары Еуропа мемлекеттеріндегі мұздату және активтерді басқару мәселелерін құқықтық реттеудің ерекшеліктері туралы айтып берді.

Сөз сөйлегендер атап өткендей, Еуропалық құқықтық құралдардың қазақстандықтардан айтарлықтай айырмашылықтары бар.

Ең алдымен, қаржылық тергеу бойынша дәлелдеу ауыртпалығы күдіктіге жүктелген. Егер ол не онымен үлестес тұлғалар мүлікті сатып алудың заңдылығын дәлелдей алмаса – ол тәркіленуге жатады.

Сонымен қатар қаржылық тергеу жүргізу үшін ұзақ мерзімдер қарастырылған. Мысалы, Бельгияда ол экономикалық қылмыс бойынша үкім шығарылғаннан кейін 10 жылды құрайды және оны тағы да ұзартуға болады. Кейбір еуропалық юрисдикцияларда бұл мерзім қылмыстық құқық бұзушылықтың ескіру мерзімдерін ескере отырып есептеледі.

Тағы бір ерекшелігі – мұздатылған мүлікті қылмыстық тергеу аяқталғанға дейін сауда-саттықтан өткізуге болады. Бұл мемлекеттің оны ұстауға жұмсайтын шығыстарын қысқарту және актив құнының төмендеуіне жол бермеу мақсатында жасалады.

Сондай-ақ мұздатылған және тәркіленген активтерді кәсіби басқарудың, олардан алынған кірістерді нақты бюджеттік бағдарламалар бойынша таргеттелген бөлудің мемлекеттік жүйесі жұмыс істейді.

Конференция барысында алынған ақпаратты Академия активтерді қайтару және қатарлас қаржылық тергеу жүргізу саласындағы ғылыми зерттеулер шеңберінде пайдаланатын болады.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен серіктестікте Еуропалық Одақ пен Еуропа кеңесі қаржыландыратын Орталық Азиядағы құқық үстемдігі жөніндегі бағдарлама шеңберінде «Ашықтыққа жәрдемдесу және экономикалық қылмыстарға қарсы күрес (CF TAEC)» жобасының қолдауымен ұйымдастырылды.