Бас Прокурордың орынбасары Ұлан Байжанов 2022-2025 жылдарға арналған Орталық Азия мемлекеттері үшін БҰҰ ҮЕҰ бағдарламасының басқарушы комитетінің жыл сайынғы отырысына қатысты

Іс-шара 26 қазанда Алматыда Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдерінің құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен өтті.

Қатысушылар сот сараптамасы, есірткінің заңсыз айналымына, халықаралық терроризмге, киберқылмысқа, сыбайлас жемқорлыққа, адам саудасына және қаржылық қылмыстарға қарсы күрес саласындағы ұлттық және өңірлік жобалардың нәтижелерін талқылады.

Ұлан Байжанов өз сөзінде Қазақстанда өткізіліп жатқан БҰҰ ҮЕҰ бағдарламасының негізгі бағыттарын іске асыруға, сондай-ақ қылмыстық кірістерді заңдастыруға және трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласындағы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастыққа тоқталды. Халықаралық қауіпсіздікті нығайту, қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы күрес бойынша өзара іс-қимыл салаларын одан әрі кеңейту қажеттігін атап өтті.

БҰҰ өкілдері Құқық қорғау органдары академиясы жанындағы жаһандық қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік хабтың жұмысын жоғары бағалап, қылмысқа қарсы күрестің тиімділігін арттыру үшін ғылыми-білім беру әлеуетін пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша ынтымақтастықтың барлық негізгі векторлары бойынша одан әрі қызметтің бағыттары айқындалды.