Заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтудың өзекті мәселелері бойынша

Құқық қорғау органдары академиясының ректоры ҚР ІІМ Ақтөбе заң институты ұйымдастырған «Қазіргі кезеңдегі қазақстандық полицияны жаңғырту аясында адам құқықтарын қорғаудың құқықтық аспектілері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция жұмысына қатысты.

Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған форумда ішкі істер органдарының қызметін жетілдірудің, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтудың тиімді жүйесін құрудың, жеке адам мен мемлекетті қорғаудың өзекті мәселелері көтерілді.  

Азаматтардың қауіпсіздігін күшейтуге, полицияның қоғамдық беделін нығайтуға бағытталған реформалардың жоғары әлеуметтік маңызы атап өтілді.

Тимур Сүлейменовтің баяндамасы Қазақстан полициясының кәсібилігін арттырудағы, жаңа генерацияның кадрлық әлеуетін қалыптастырудағы ІІМ ғылыми-білім беру мекемелерінің рөліне арналды. Сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары мен Президенттік резерв бойынша ішкі істер қызметкерлерінің біліктілігін арттыру шеңберінде ведомстволық жоғары оқу орындарының жемісті әріптестігі атап өтілді.

Конференция жұмысына жетекші ғалымдар, ғылыми-педагогикалық қызметкерлер және ведомстволық оқу орындарының білім алушылары қатысты.