Негізгі ақпарат Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау академиясының магистратурасы мен докторантурасына түсу емтихандарының әділдігін және ашықтығын қамтамасыз ету рәсімдері

Құжаттарды қабылдау 1 сәуір — 25 шілде аралағында өтеді, мекенжайы: Ақмола облысы, Қосшы қаласы, Республика көшесі 94, индекс 010078.

Сондай-ақ құжаттарды қабылдау «Қадағалау», «ЕҚАБЖ» АЖ арқылы сканерленген нұсқада да жүзеге асырылуы мүмкін (құжаттардың түпнұсқаларын түсу емтихандарын өткізу кезеңінде ұсыну қажет).

Оқуға қабылдау тәртібі мен құжаттар тізімі Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдарының академиясына оқуға қабылдау қағидаларымен (Қазақстан Республикасы Бас Прокурордың 2023 жылғы 27 ақпандағы № 45 бұйрығымен бекітілген) реттеледі.

Түсу емтихандары екі кезеңде өткізіледі:

1-кезең: 2-10 тамыз аралығында шет тілінен емтихан. Емтиханның тәртібін, өткізілетін орнын, күнін, уақытын Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы анықтайды.

2-кезең: 15-20 тамыз аралығында мамандық бойынша түсу емтиханы. Ақмола облысы, Қосшы қаласы, Республика көшесі 94 мекенжайы бойынша Академия ғимаратында өтеді (емтиханға шет тілінен кем дегенде 30 балл жинаған үміткерлер, сондай-ақ шет тілін меңгерудің жалпыеуропалық құзыреттеріне (стандарттарына) сәйкес шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттардың біріне ие үміткерлер жіберіледі).

ТҮСУ ЕМТИХАНЫН ӨТКІЗУДІҢ ҚАҒИДАТТАРЫ:
1. Әділдік
2. Ашықтық
3. Мүмкіндіктің теңдігі
4. Кәсіби білім мен тәжірибе конкурстық іріктеудің жалғыз өлшемшарты болып табылады.

МАҚСАТ: Магистратура мен докторантурада оқуға ең үздік кандидаттарды іріктеу

ШЕШІМ: Қойылған мақсатқа қол жеткізу және қағидаттарды іске асыру үшін Академия өз білімі арқылы болмаса, басқа мүмкіндігін болдырмайтын түсу емтиханын өткізу рәсімін қолданады, онда мыналар көзделген:

1. Емтихан өткізу кезінде қабылдау және бақылау режимі

1.1 Емтихан өткізілетін күні Академияның ғимаратында Академия ректорының бұйрығымен бекітілген қабылдау және емтихан комиссияларының, бақылау тобының мүшелері (құқық қорғау органдарының өкілдері) ғана бола алады.
1.2 Оқуға үміткерлерді кіргізу қабылдау комиссиясының тізіміне сәйкес қатаң түрде жеке куәлік бойынша жүзеге асырылады.
1.3 Емтиханға жіберуге тыйым салынған заттардың (мобильді құрылғыларды, флэш-дискілерді, SMART құрылғыларды, планшеттерді, құлаққаптарды, теле-радио коммуникациялық құрылғыларды, анықтамалықтарды, кодекстерді, басқа да оқу-көмекші материалдарды және шпаргалкалардың барлық түрлерін (баспа және қолжазба материалдар) болуына техникалық құралдардың көмегімен тексеру жүргізіледі.
1.4 Бейнебақылау камералары, оның ішінде бейнежазба арқылы бақылау жүзеге асырылады, сондай-ақ емтиханды онлайн-трансляциялау қамтамасыз етіледі.

2. Білімді бағалауда ашықтық және объективтілік
2.1 Жауап беру парақтарында штрих-кодтар қолданылады. Емтихан комиссиясының мүшелері тексерілетін жауап парағы қай кандидатқа тиесілі екені туралы ақпаратқа қол жеткізе алмайды.
2.2 Емтихан билетінің әрбір тапсырмасы бойынша кандидаттың жауабын бірнеше емтихан қабылдаушы тексереді. Түсу емтиханының орташа баллы әрбір теориялық сұрақ, эссе (докторантура үшін), кейс тапсырмасын шешу бойынша балдарды қосу және олардың санына бөлу арқылы шығарылады.