Криминологиялық форумның отырысы («Сейіт оқулары»)

Құқық қорғау органдары академиясында онлайн режимінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР прокуроры Өтеген Сейітовты еске алуға арналған халықаралық криминологиялық форум өтті.
Форум жұмысына 150-ден астам қонақ, оның ішінде құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Украинаның отандық және шетелдік заң жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, практиканың өкілдері қатысты.
Жеті секцияда Академияның құқық қорғау қызметінің өзекті мәселелері бойынша жүргізіп жатқан ведомствоаралық ғылыми зерттеулерінің ағымдағы нәтижелері қаралды.
Атап айтқанда, қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл, сотқа дейінгі тергеп-тексеру нысандарын оңтайландыру, қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларының тиімділігі, прокурорлық қадағалаудың құқық қорғау әлеуетін күшейту, киберқылмыстарды анықтау және тергеп-тексеру мәселелері бойынша заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдіру жолдары талқыланды.
Форум қорытындысы бойынша құқық қорғау қызметін жетілдіруге, ғылыми саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған ұсынымдар әзірленді.