Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ғылыми-практикалық конференция

Құқық қорғау органдары академиясында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын аяқтады.

Оның жұмысына Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Қазақстандағы «БҰҰ – әйелдер» Кеңсесінің өкілдері, орталық мемлекеттік органдардың, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері, сарапшылар қатысты.

Кездесуге қатысушылар отбасылық-тұрмыстық қатынастармен байланысты қылмыс жағдайының өзекті мәселелерін, құқық қолдану практикасы мен отбасындағы қатыгездіктің алдын алу және жолын кесу бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін талқылады.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұрудың шетелдік тәжірибесі зерттелді. Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Украина мамандары өз елдерінің осы саладағы тәжірибелерімен бөлісіп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ден қоюдың қылмыстық-құқықтық моделінің ерекшеліктері туралы айтып берді.

Сондай-ақ, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстық заңнаманы дамыту,құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қатаңдату, жекелеген әкімшілік құрамдарды криминализациялау мәселелері бойынша пікірталастар өтті.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша отбасылық қарым-қатынастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ғалымдардың, практикалық қызметкерлердің, қоғам өкілдерінің отбасылық тиранттарға қатысты тиімді шаралар қабылдау, зардап шеккен адамдарды қорғау және жан-жақты көмек көрсету бойынша күш-жігерін біріктіруге бағытталған ұсыныстар әзірленді.