БҰҰ ЕҚБ Өңірлік өкілімен кездесу

Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Ерғали Мерзадинов БҰҰ-ның Орталық Азиядағы есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының өңірлік өкілі Ашита Митталмен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру саласындағы одан әрі ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды.

Тараптар халықаралық қауіпсіздікті нығайту, заманауи әлемнің қауіп-қатерлеріне қарсы күрес мәселелерінде өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтті.

Атап айтқанда, тараптар тероризм мен экстремизмге, есірткінің заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің өзекті мәселелері бойынша бірлескен ғылыми-білім беру іс-шараларын өткізуге қатысты пікір алмасты.

Сондай-ақ, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл, экстремистік және террористік бағыттағы қылмыстары үшін сотталғандармен жұмыс жөніндегі қолданыстағы жобаларды іске асыру мәселелері қозғалды.

Құқық қорғау органдары академиясы 2017 жылдан бастап БҰҰ ЕҚБ-мен белсенді өзара іс-қимыл жасайды.

Ынтымақтастық шеңберінде терроризм мен экстремизмге, қаржылық қылмыстар мен сыбайлас жемқорлыққа, есірткі қылмысына, адам саудасына, киберқылмыстарға, экологиялық қылмыстарға қарсы іс-қимылдың негізгі бағыттары бойынша 30-ға жуық бірлескен іс-шаралар өткізілді.

Тараптар әріптестік қатынастарды нығайтуға, өңірлік және өңіраралық деңгейлерде оқыту тренингтерін бірлесіп ұйымдастыруды жалғастыруға қызығушылық білдірді.