Қылмыстық процестің жаңа моделі жағдайында жұмысқа дайындық

Құқық қорғау органдары академиясында қылмыстық қудалаудың үш буынды моделіне көшу жағдайында прокурорларды жұмысқа даярлаудың үш кезеңдік циклі басталды.

Бүгін бірінші кезең аясында облыстық және оларға теңестірілген прокуратуралардың басшылары: облыс прокурорлары, олардың орынбасарлары, бейінді басқармалардың бастықтары үшін арнайы семинар өтті.

Семинар жұмысына Бас Прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев, Бас прокуратураның, Академияның, сондай-ақ Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің басшылығы мен қылмыстық қудалау қызметінің өкілдері қатысты.

Ерлік Кененбаев өз сөзінде атап өткендей, бүгінде Академия алдында жауапты міндет тұр – қылмыстық процестің жаңа жағдайында тиімді жұмыс істеу үшін прокуратура кадрларын кәсіби даярлауды қамтамасыз ету.

Академия ректоры Ерғали Мерзадинов іс-шараны аша отырып, негізгі процессуалдық шешімдерді келісу және бекіту бойынша прокурордың ерекше рөлі аясында өткізілетін оқыту курстарының маңыздылығын атап өтті.

Семинардың басты міндеттері қылмыстық қудалаудың жаңа моделіндегі жұмыс тәжірибесімен алмасу, кейіннен тиісті шараларды әзірлеу үшін практикада туындайтын негізгі проблемалық мәселелерді талқылау болып белгіленді.

Оқыту циклінің келесі кезеңінде қалалар мен аудандардың прокурорлары, олардың орынбасарлары үшін ұқсас семинарлар ұйымдастырылады.

Содан кейін осы жұмыс бағытына тікелей қатысты прокуратура қызметкерлері оқытудан өтеді.

Құқық қорғау органдары академиясының баспасөз қызметі