Академияның бірінші проректоры тағайындалды

2021 жылғы 9 наурызда Бас Прокурордың бұйрығымен Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының бірінші проректоры лауазымына Қалиолла Қабайұлы Сейтенов тағайындалды.

1967 жылы 27 қарашада Ақмола облысында дүниеге келген.

Әр жылдары Ақмола облысы ІІБ сараптама-криминалистикалық бөлімшесінде, ҚР ІІМ Тергеу департаментінде жұмыс істеді.

2001 жылдан 2019 жылға дейін ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысты. Қазақ Мемлекеттік Заң университетінің сот сараптамасы мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жобаларының деканы, проректоры, жетекшісі болды.

2019 жылдың шілде айынан бастап Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының жалпы құқықтық пәндер кафедрасының профессоры.

Заң ғылымдарының докторы, профессор.

150-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде оқулықтардың, оқу және оқу-әдістемелік құралдардың, әдістемелік ұсынымдар мен ғылыми мақалалардың авторы.

Қылмыстық іс жүргізу, криминалистика және сот сараптамасы, жедел-іздестіру қызметі саласындағы беделді мамандардың бірі болып табылады.

Жаңа лауазымға сәйкес Қалиолла Қабайұлы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қайта даярлау және біліктілігін арттыру, сондай-ақ Академиядағы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мәселелеріне жетекшілік ететін болады.