Ұйымдасқан топтар жасаған қылмыстарды тергеу бойынша онлайн-тренинг

Ұйымдасқан қылмыстық топ жасаған қылмыстарды тергеу бойынша 4 күндік онлайн-тренинг аяқталды.

Іс-шараны құқық қорғау органдары академиясы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігімен (TIKA) бірлесіп ұйымдастырды.

Тренингке Бас прокуратураның, Академияның, аумақтық прокуратуралардың, ІІМ, ҰҚК, Қаржы мониторингі комитетінің және Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қызметкерлері қатысты.

Сарапшылар Түркияның есірткіге және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі халықаралық академиясының қызметкерлері, бас комиссар Әмірхан Демирбаш, сондай-ақ комиссардың көмекшілері Бурак Кайлак пен Ахмет Алтай болды.

Тренинг барысында ұйымдасқан топтар жасаған қылмыстарды тергеудің проблемалық мәселелері, олардың құрылымы, қызмет саласы, тергеу әдістері мен стратегиялары, ұйымдасқан қылмысқа, қару-жарақ, оқ-дәрілер мен қауіпті материалдардың контрабандасына қарсы іс-қимыл бойынша операцияларды жоспарлау және басқару зерттелді.

Тренингке қатысушылардың пікірінше, ұйымдасқан қылмыс түрлерін жіктеу (мафия, банда, картель, қылмыстық топ және т.б.), қылмыстық топтағы иерархия (барон, гангстер, көшбасшы, орындаушы және т. б.), сондай-ақ Түркия Республикасының Құқық қорғау органдарында қажетті жедел ақпарат алу мақсатында қылмыстық топтарға енгізілетін жасырын тергеуші институтының болуы тақырыптары ерекше қызықты болды.