Жарғы

Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2021 жылғы 3 ақпандағы
№ 14 бұйрығымен бекітілген

 

«Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы
Құқық қорғау органдары академиясы» мемлекеттік мекемесінің
ЖАРҒЫСЫ

1-тарау. Жалпы ережелер

1. «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Академия) мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, заңды тұлға мәртебесіне ие, коммерциялық емес ұйым болып табылады.

2. Мемлекеттік мекеменің түрі: республикалық.

3. Академия Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 4 мамырдағы № 15 Жарлығымен құрылған.

4. Академия ерекше мәртебесі бар, Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының бірыңғай жүйесіне кіретін білім беру ұйымы болып табылады.

5. Академия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін және өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Жарғыны басшылыққа алады.

6. Академияның құрылтайшысы «Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Бас прокуратура) болып табылады.

7. Бас прокуратура Академияның мүлкіне қатысты құқық субъектісінің жалпы басқаруы мен функцияларын жүзеге асыратын уәкілетті орган болып табылады.

8. Академияның құрылымы мен штаттық кестесін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры (бұдан әрі – Бас Прокурор) бекітеді.

9. Академияның толық және қысқартылған атауы:

мемлекеттік тілде – «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы» мемлекеттік мекемесі; «Құқық қорғау органдары академиясы», «ҚОА»;

орыс тілінде – государственное учреждение «Академия правоохранительных органов при Генеральной прокуратуре Республики Казахстан»; «Академия правоохранительных органов», «АПО»;

ағылшын тілінде – State institution «Law Enforcement Academy under the Prosecutor General’s office of the Republic of Kazakhstan»; «Law Enforcement Academy»; «LEA».

10. Академияның орналасқан жері:

Қазақстан Республикасы, 021804, Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қосшы ауылы, Республика көшесі, 16.

2-тарау. Академияның заңдық мәртебесі

11. Академияның дербес теңгерімі, өз атауы жазылған мөрі мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, символикасы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдары мен банктерде шоттары, оның ішінде шетелдік валютадағы шоттары бар.

12. Академия жанында филиалдар мен өкілдіктер құрылуы мүмкін.

13. Академия өз міндеттемелері бойынша оның қарамағындағы ақшаға жауап береді, олар жеткіліксіз болған жағдайда, оның міндеттемелері бойынша Бас прокуратура жауап береді.

14. Академия Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен өз атынан азаматтық-құқықтық қарым-қатынастарға түседі.

15. Академияның міндеттемелер мен төлемдер бойынша бекітілген жеке қаржыландыру жоспарлары шегінде жасаған азаматтық-құқықтық мәмілелері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелуге жатады. Шарттық міндеттемелер бойынша Академияның жауапкершілігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Академияны ұстауға арналып бекітілген міндеттемелер мен төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарлары шегінде туындайды.

3-тарау. Академия қызметінің мәні мен мақсаттары

16. Академия қызметінің мәні:

1) құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, оның ішінде Президенттік резервте тұрған Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары басшылығының кәсіби деңгейін арттыру;

2) құқық қорғау органдарына алғаш рет қызметке кіретін адамдар үшін алғашқы кәсіптік даярлық;

3) құқық қорғау қызметі саласында ведомствоаралық ғылыми зерттеулерді үйлестіру және жүргізу;

4) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыру.

17. Академия қызметінің мақсаттары:

1) құқық қорғау органдарының жоғары білікті мамандарға қажеттілігін қанағаттандыру;

2) құқық қорғау органдары қызметкерлерінің зияткерлік және кәсіби даму қажеттілігін қанағаттандыру;

3) заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің проблемалық мәселелерін шешудің жаңа жолдарын ғылыми әдістермен тұжырымдау.

18. Академия өз мақсаттарына қол жеткізу үшін мынадай қызметтерді жүзеге асырады:

1) құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарына алғаш рет қызметке кіретін адамдарға білім беру қызметтерін көрсетеді;

2) ведомствоаралық ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру мен жүргізудің бірыңғай тәсілдерін айқындайды;

3) ведомствоаралық ғылыми зерттеулерді орындайды;

4) құқық қорғау органдарының қызметін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етеді;

5) норма шығармашылық қызметіне қатысады;

6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен ақылы қызметтер көрсетеді;

7) мемлекеттік бюджеттен және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар конкурстарына қатысады;

8) ғылыми-зерттеу, білім беру және оқу-әдістемелік қызметті жүзеге асыру кезінде мемлекеттік органдармен, ғылыми, білім беру, мамандандырылған ұйымдармен және мекемелермен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жасайды;

9) ғылым және білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту және жүзеге асырады;

10) баспа-баспаханалық қызметті жүзеге асырады;

11) оқу процесін, ғылыми зерттеулерді, кітапхананы және Академияның өзге де қызметін автоматтандыруға бағытталған бағдарламалық өнімдерді және Интернет-ресурстарды әзірлейді, енгізеді, сүйемелдейді және дамытады;

12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де қызмет түрлерін жүзеге асырады.

19. Академияның осы Жарғыда бекітілген міндеттері мен мақсаттарына сай келмейтін қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ мәмілелерді жасауға құқығы жоқ.

20. Академияның Қазақстан Республикасының заңдарында немесе құрылтай құжаттарында белгілі бір шек қойылған қызмет мақсаттарына қайшы не оның басшысының жарғылық құзыретін бұза отырып жасаған мәмілесі: тиісті саланың уәкілетті органының, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның, жергілікті атқарушы органның, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының, прокурордың талап қоюы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.

4-тарау. Академияны басқару

21. Академияны жалпы басқаруды Бас прокуратура (уәкілетті орган) жүзеге асырады.

22. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:

1) Академияға мүлікті бекітіп береді;

2) Академия мүлкінің сақталуына бақылауды жүзеге асырады;

3) Академияның қаржыландыру жоспарын бекітеді;

4) Академияның Жарғысын, оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;

5) белгіленген штат саны шегінде Академияның құрылымы мен штат кестесін бекітеді;

6) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Академия ректорының құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін, оны атқаратын лауазымынан босату негіздерін айқындайды;

7) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Академия ректорының ұсынуы бойынша оның орынбасарларын (проректорларды) қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

8) жылдық қаржылық есептілікті бекітеді;

9) осы Жарғыға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

23. Академия ректоры Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

24. Академия ректоры Академияның жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды, Бас Прокурорға тікелей бағынады және Академияға жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін жеке жауапты болады.

25. Академия ректоры дара басшылық қағидаттарында әрекет етеді және Академия қызметінің мәселелерін Қазақстан Республикасының заңнамасымен және осы Жарғымен айқындалатын өз құзыретіне сәйкес дербес шешеді.

26. Заңнамада белгіленген тәртіппен Академия ректоры:

1) Академия атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

2) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Академияның мүдделерін білдіреді;

3) шарттар жасасады;

4) сенімхаттар береді;

5) Академияның іссапарлар, тағылымдамалар, қызметкерлерді қазақстандық және шетелдік оқу орталықтарында оқыту және қызметкерлердің біліктілігін арттырудың өзге де түрлері жөніндегі жоспарларын бекітеді;

6) банктік шоттар ашады;

7) Бас Прокурор тағайындайтын қызметкерлерден басқа, Академия қызметкерлерін, жұмыскерлерін жұмысқа қабылдайды, ауыстырады және жұмыстан босатады;

8) өзінің орынбасарлары (проректорлары) мен Академияның өзге де басшы қызметкерлерінің міндеттерін және өкілеттік аясын айқындайды;

9) Академияның құрылымы мен штаттық кестесін белгіленген штаттық саны шегінде бекіту үшін Бас Прокурорға ұсынады;

10) Академияның жұмыс жоспарларын, Академияның құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

11) білім беру, ғылыми-зерттеу және қаржы-шаруашылық қызметті жетілдіру және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді нығайту жөнінде Бас Прокурорға ұсыныстар енгізеді;

12) Академияның барлық қызметкерлері, әкімшілік мемлекеттік қызметшілері (бұдан әрі — қызметшілер) және еңбек шарты бойынша жұмыскерлер (бұдан әрі – жұмыскерлер), білім алушылар мен тыңдаушылар үшін міндетті бұйрықтар, өкімдер және басқа да ұйымдастырушылық-өкімдік актілерді шығарады;

13) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Академия қызметкерлеріне, қызметшілеріне, жұмыскерлеріне, білім алушыларына және тыңдаушыларына көтермелеу шараларын және тәртіптік жазалар қолданады;

14) Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерімен, облыстар прокуратураларымен және оларға теңестірілген прокуратуралармен, мемлекеттік органдармен, мекемелермен, ведомстволармен, білім беру ұйымдарымен және басқа да мемлекеттік және мемлекеттік емес, оның ішінде халықаралық және шетелдік ұйымдармен Академияның өзара қарым-қатынасын ұйымдастырады;

15) жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғаныс, мемлекеттік, қызметтік құпияның сақталуын қамтамасыз ету және құпиялылық режимінің талаптарын сақтау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

16) Қазақстан Республикасының заңнамасымен, Бас Прокурордың ұйымдастырушылық-өкімдік актілерімен және осы Жарғымен оған жүктелген өзге де функцияларды атқарады.

27. Академия ректорының бұйрығымен құрылатын Ғылыми кеңес Академияның жоғары алқалық органы болып табылады.
Ғылыми кеңестің құрамы, құзыреті және қызметін ұйымдастырудың тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен, Бас Прокурордың, Академия ректорының ұйымдастырушылық-өкімдік актілерімен анықталады.

28. Академияда құқық қорғау қызметі саласында бірыңғай ғылыми саясатты қалыптастыру мақсатында Бас Прокурордың бұйрығымен құрылатын Ғылыми-әдістемелік кеңес (бұдан әрі – ҒӘК) қызмет істейді.

ҒӘК-тің міндеттері, функциялары, сайлау тәртібі және қызметін ұйымдастыру Бас Прокурордың бұйрығымен бекітілетін ҒӘК туралы ережемен айқындалады.

29. Академияда оқу процесін оқу-әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында Академия ректорының бұйрығымен құрылатын Оқу-әдістемелік кеңес жұмыс істейді.

Оқу-әдістемелік кеңестің құзыреті, құрамы және қызметін ұйымдастыру тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен, Академия ректорының ұйымдастырушылық-өкімдік актілерімен айқындалады.

30. Академия ректорының бұйрығымен Академияда өзге де алқалы және консультативтік-кеңесші органдар (кеңестер, жұмыс топтары, комиссиялар, оның ішінде құпиялылық режимі бойынша, аттестаттау, тұрғын үй-тұрмыстық және басқалар) құрылуы мүмкін.

31. Академияны жедел басқаруға, қызметтік және орындаушылық тәртіпке байланысты өзге де мәселелер Академия ректоры жанындағы жедел кеңестерде қаралады.

32. Докторанттардың диссертациялық жұмыстарын қорғау мақсатында Академияда ректордың бұйрығымен құрылатын Диссертациялық кеңес жұмыс істейді.

Академияның диссертациялық кеңесінің құзыреті, құрамы және қызметін ұйымдастыру тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен, Академия ректорының ұйымдастырушылық-өкімдік актілерімен айқындалады.

33. Академияда іске асырылатын жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларының тізбесі Бас Прокурордың бұйрығымен бекітіледі.

34. Прокуратура органдарына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және экономикалық тергеу қызметіне кіретін адамдар үшін алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеу тәртібі және оны өткеру шарттары, сондай-ақ оларды шығару негіздері Бас Прокурордың, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) төрағасының және Қаржы министрінің бірлескен бұйрығымен регламенттеледі.

35. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша Академияға оқуға қабылдау, білім алушыларды ауыстыру, қайта қабылдау тәртібі Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен, Бас Прокурордың бұйрықтарымен реттеледі.

36. Академияның білім беру процесі мен ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастыру тәртібі Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен, Бас Прокурордың және Академия ректорының бұйрықтарымен реттеледі.

37. Академия білім алушылары мен тыңдаушыларының үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау жүйесі, оларды өткізу нысандары мен тәртібі Бас Прокурордың және Академия ректорының актілерімен реттеледі.

38. Білім алушылар мен тыңдаушылардың құқықтары мен міндеттері, оларды Академиядан шығару негіздері мен тәртібі, сондай-ақ Академияның білім алушылары мен тыңдаушылармен қарым-қатынастарын ресімдеу тәртібі нормативтік құқықтық актілерде, ішкі тәртіп қағидаларында және білім беру қызметтерін көрсету шартында (келісімшартында) айқындалады.

39. Академия Қазақстан Республикасының заңнамасында, Бас Прокурордың, Академия ректорының құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен ғылыми-білім беру қызметін үйлестіруді, мониторингтеуді және бағалауды жүзеге асырады.

40. Академия Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен, шетелдік білім беру және ғылыми-зерттеу мекемелерімен, халықаралық ұйымдармен, шетелдік заңды және жеке тұлғалармен ғылыми және білім беру қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.

41. Ақылы қызмет көрсету тізбесі мен тәртібі Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен регламенттеледі.

5-тарау. Академияның мүлкі

42. Академияның мүлкін құны оның теңгерімінде көрсетілетін заңды тұлғаның активтері құрайды. Академияның мүлкі:

1) оған меншік иесі берген мүлік;

2) өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда);

3) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

43. Академияның өзіне бекітілген мүлікті және оған смета бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге де тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

44. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында Академияға табыс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес білім беру салаларындағы мемлекеттік мекемелер өндіретін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақшаны қоспағанда, осындай қызметтен алынған ақша тиісті бюджеттің есебіне жатқызылады.

45. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында қосымша қаржыландыру көзі белгіленбесе, Академияның қызметі Бас прокуратура бюджетінен қаржыландырылады.

46. Академия бухгалтерлік есеп жүргізеді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есептілік ұсынады.

47. Академияның қаржы-шаруашылық қызметіне ревизия жасау және тексеру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

48. Академияның жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.

6-тарау. Академияның жұмыс режимі

49. Академияның жұмыс режимі (жұмыс уақыты) «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен белгіленеді.

7-тарау. Құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі

50. Академияның құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу Бас Прокурордың бұйрығымен жүргізіледі және «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әділет органдарында мемлекеттік тіркеу рәсімінен өтеді.

8-тарау. Академияны қайта ұйымдастыру және тарату шарттары

51. Академияны қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

52. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, Академияны қайта ұйымдастыруды және таратуды мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша Бас прокуратура жүзеге асырады.

53. Кредиторлардың талаптарын қанағаттандырғаннан кейін қалған таратылған Академияның мүлкін мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган қайта бөледі.

54. Таратылған Академияның мүлкін өткізу нәтижесінде алынған қаражатты қоса алғанда, кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін оның қалған ақшасы тиісті бюджет кірісінің есебіне жатқызылады.