Ғылыми қызметін ұйымдастыру регламенті

Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасының жанындағы
Құқық қорғау органдары академиясы
ректорының 2026 жылғы «    » __________
№ ____ бұйрығымен бекітілген

 

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ғылыми қызметін ұйымдастыру регламенті

 

1-тарау. Жалпы ережелер

  1. Осы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ғылыми қызметін ұйымдастыру регламенті (бұдан әрі – Регламент) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының (бұдан әрі – Академия) ғылыми қызметін жүзеге асырудың бірыңғай тәртібін, оның субъектілерінің құзыретін және олардың өзара іс-қимыл тәртібін айқындайды.
  2. Регламенттің мақсаты проблеманы анықтау мен ғылыми зерттеуді жоспарлаудан бастап алынған тұжырымдарды енгізуге, нәтижелілігін мониторингтеуге және пайдалануға дейінгі ғылыми қызметтің толық циклін қамтамасыз ету болып табылады.
  3. Регламенттің міндеттері:

1) ғылыми қызмет субъектілерінің құзыретін айқындау және олардың функцияларының қайталануын болғызбау;

2) ғылыми зерттеулерге бастамашылық жасаудың, оларды жоспарлаудың, дайындаудың, жүргізудің және есепке алудың бірыңғай тәртібін белгілеу;

3) ғылыми өнімдердің сапасын, ғылыми негізділігін және практикалық сұранысқа ие болуын қамтамасыз ету;

4) ғылымды, білім беруді және практикалық қызметті интеграциялау;

5) Академияның ғылыми қызметкерлерінің, профессор-оқытушылар құрамының (бұдан әрі – ПОҚ) және білім алушыларының ғылыми әлеуетін дамыту үшін жағдай жасау;

6) ғылыми қызмет нәтижелерін енгізуді, мониторингтеуді және олардың тиімділігін бағалауды қамтамасыз ету;

7) ведомствоаралық және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты, цифрландыруды және ғылыми коммуникацияны дамыту болып табылады.

  1. Академияның ғылыми қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы, Қазақстан Республикасының «Ғылым және технологиялық саясат туралы» және «Білім туралы» заңдары, Қазақстан Республикасының өзге де нормативті құқықтық актілері, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының құқықтық актілері, Академияның Жарғысы, осы Регламент және Академия ректорының өзге де актілері құрайды.
  2. Заңнамада, конкурс шарттарында, келісімде немесе шартта арнаулы тәртіп белгіленген ведомствоаралық, халықаралық, гранттық, бағдарламалық-нысаналы, шарттық және өзге де ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының актілеріне, конкурстық құжаттамаға, келісімдер мен шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
  3. Ғылыми қызметтің басымдықтары, нысаналы индикаторлары мен іс-шаралары Академияның даму стратегиясында, Академияның ғылымды дамыту бағдарламасында, Академияның ғылыми-зерттеу қызметінің жоспарында (бұдан әрі – Жоспар) және стратегиялық және операциялық жоспарлаудың өзге де құжаттарында айқындалады.
  4. Регламентте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
  • ғылыми зерттеу (зерттеу) – мақсаты, міндеттері, мерзімдері, орындаушылары және ғылыми нәтижесі бар, ғылыми әдістерді қолдана отырып белгілі бір проблеманы зерделеу жөніндегі ғылыми қызмет;
  • ғылыми қызмет – ғылыми қызмет субъектілері өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын және құқық қорғау қызметін, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді, заң білімін беруді, цифрландыруды және Академияның құзыретіне жататын өзге де салаларды зерделеуге, қолда бар білімді кеңейтуге және жаңа білім алуға, заңдылықтарды анықтауға, алынған деректерді ғылыми тұрғыдан қорытуға және шешімдерді негіздеуге, сондай-ақ алынған білім мен нәтижелерді практикалық, норма шығару, білім беру, ұйымдастырушылық-басқарушылық, цифрлық және өзге де қызметте қолдануға бағытталған қызмет;
  • ғылыми қызметті мониторингтеу және бағалау – ғылыми нәтижелерді апробациялауды және енгізуді қоса алғанда, ғылыми қызметтің барысы мен нәтижелері туралы мәліметтерді оның нәтижелілігі мен тиімділігін айқындау мақсатында жүйелі түрде жинау, тексеру, өңдеу және талдау;
  • ғылыми қызметтің сыртқы қатысушылары – ғылыми зерттеуге қатысатын мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, ғылыми және халықаралық ұйымдар, сарапшылар және өзге де тұлғалар;
  • ғылыми нәтиже – ғылыми зерттеу барысында алынған жаңа білім, тұжырым, ұсыныс, модель, әдіс, технология немесе өзге де шешім;
  • ғылыми нәтижелерді апробациялау – ғылыми зерттеу барысында және (немесе) енгізуге дейін алынған нәтижелердің негізділігін, анықтығын, ғылыми және практикалық маңыздылығын, сондай-ақ қолданылу мүмкіндігін оларды ғылыми талқылау, сараптамалық бағалау, ғылыми іс-шараларда ұсыну, пилоттық сынақтан өткізу, тәжірибелік қолдану (пайдалану) арқылы не өзге де нысанда тексеру және бағалау;
  • ғылыми өнім – сараптамалық бағалауға, апробациялауға, таратуға және практикада пайдалануға арналған ғылыми нәтиженің құжатталған не материалдық нысандағы көрінісі;
  • ғылыми іс-шара – конференция, форум, семинар, дөңгелек үстел, вебинар, шеберлік сабағы, воркшоп және ғылыми сипаттағы өзге де іс-шаралар;
  • енгізу – ғылыми нәтижені білім беру, практикалық, норма шығару, ұйымдастырушылық-басқарушылық немесе өзге де қызметте құжатпен расталған пайдалану;
  • жауапты орындаушы – ұйымдастырушылық-жоспарлау құжатында ғылыми зерттеуді ұйымдастыруға және жүргізуге, оның нәтижелерінің сапасы мен уақтылы ұсынылуына, оларды апробациялауға және енгізуге жауапты болып айқындалған Академия қызметкері; авторлық ұжым құрылған кезде жауапты орындаушы оның жетекшісі болып табылады;
  • жоспар-тапсырма – жоспардан тыс ғылыми зерттеудің не бір жылдан аз уақыт ішінде жүргізілетін жоспарлы ғылыми зерттеудің негізі мен тақырыбын, оның түрі мен форматын, бастамашысын (тапсырыс берушісін), проблемасы мен мақсатын, орындаушылар құрамын, жүргізу мерзімін, күтілетін ғылыми нәтижені, оны ұсыну нысаны мен мерзімін, сондай-ақ апробациялау тәсілдері мен болжамды енгізілуін айқындайтын ұйымдастырушылық-жоспарлау құжаты;
  • жұмыс бағдарламасы – бір жыл және одан да көп уақыт бойы жүргізілетін ғылыми зерттеудің негізін, түрі мен нысанын, проблемасын, объектісін, нысанасын, мақсатын, міндеттерін, орындаушылар құрамын, жұмыс кезеңдері мен күнтізбелік мерзімдерін, күтілетін нәтижелер мен ғылыми өнімдерді, оларды апробациялау және енгізу нысандарын айқындайтын ұйымдастырушылық-жоспарлау құжаты;
  • форсайттық (болжамдық) зерттеу – үрдістерді, өзгеріс факторларын, ықтимал сценарийлер мен дамудың перспективалы бағыттарын анықтау үшін қолданылатын сараптамалық-талдамалық бағалау;
  • экспресс-талдау – проблеманы зерделеу және ғылыми негізделген тұжырымдар мен ұсыныстар дайындау үшін қолданылатын қолданбалы зерттеудің қысқа мерзімді форматы.
  1. Академияның ғылыми қызметі мынадай қағидаттарға негізделеді:
  • ғылыми зерттеулерге қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін, дербес деректерді және заңмен қорғалатын ақпаратты қорғау;
  • ғылыми тұжырымдардың объективтілігі, анықтығы және тексерілу мүмкіндігі;
  • ғылымның, білім берудің және практиканың интеграциясы;
  • заңдылық, ғылыми әдеп, академиялық адалдық және адал ниеттілік;
  • заңнамада жол берілетін шектерде нәтижелердің ашықтығы;
  • күтілетін нәтиженің практикалық бағдарлануы және өлшемділігі;
  • нәтижелердің сапасы, мерзімдері және нақты пайдаланылуы үшін жауапкершілік;
  • субъектілердің құзыретін ажырата отырып, ғылыми саясаттың біртұтастығы.

 

2-тарау. Ғылыми қызмет субъектілері және олардың құзыреті

  1. Академияның ғылыми қызмет субъектілері:

1) Академия ректоры;

2) Академияның бірінші проректоры;

3) Академияның алқалы және консультативтік-кеңесші органдары өз құзыреті шегінде;

4) Ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институты (бұдан әрі – 2-Институт);

5) Кәсіптік оқыту институты (бұдан әрі – 1-Институт);

6) Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институты (бұдан әрі – 3-Институт);

7) Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл және цифрлық технологиялар институты (бұдан әрі – 4-Институт);

8) Білім және ғылым сапасын мониторингтеу және бағалау басқармасы (бұдан әрі – 3-Басқарма);

9) Цифрлық жүйелерді дамыту және сүйемелдеу басқармасы (бұдан әрі – 4-Басқарма);

10) Инновациялық даму орталығы (бұдан әрі – 1-Орталық);

11) Халықаралық ынтымақтастық орталығы (бұдан әрі – 2-Орталық);

12) ғылыми қызметкерлер және ПОҚ;

13) Академияның магистранттары, докторанттары және тыңдаушылары.

  1. Сыртқы қатысушылар Академияның ғылыми қызметіне Қазақстан Республикасының заңнамасына, халықаралық шарттарға, келісімдерге, шарттарға, бірлескен актілерге және өзге де құжаттарға сәйкес тартылады. Осы Регламент олар үшін қабылдаған міндеттемелерінің шегінен тыс құзырет белгілемейді.
  2. Академия ректоры:

1) Академияның ғылыми саясатының басымдықтарын айқындайды;

2) Жоспарды, Академия ғылымының жай-күйі туралы жыл сайынғы баяндаманы (бұдан әрі – жыл сайынғы баяндама) бекітеді және басқарушылық шешімдер қабылдайды;

3) жоспардан тыс ғылыми зерттеулер мен ғылыми іс-шараларды өткізу туралы шешімдер қабылдайды;

4) ғылыми қызмет мәселелері бойынша Академияның актілерін бекітеді және Қазақстан Республикасының заңнамасы мен Академияның Жарғысына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады;

5) ғылыми зерттеулерді жүргізу барысы және Жоспардың орындалуы туралы құрылымдық бөлімшелер басшыларының есептерін тыңдайды.

  1. Академияның бірінші проректоры:

1) ғылыми саясатты іске асыруды және ғылым мәселелері бойынша құрылымдық бөлімшелерді үйлестіруді қамтамасыз етеді;

2) Академия ректоры тапсырмаларының, ғылыми қызмет саласындағы алқалы органдар жоспарлары мен шешімдерінің орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

3) Академия ректорына ғылыми қызметтің нәтижелілігін арттыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

4) ғылыми зерттеулерді жүргізу барысы және Жоспардың орындалуы туралы жауапты орындаушылардың есептерін тыңдайды;

5) заңнамаға және Академияның Жарғысына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

  1. Академияның алқалы және консультативтік-кеңесші органдары – Ғылыми кеңес (бұдан әрі – ҒК), Оқу-әдістемелік кеңес (бұдан әрі – ОӘК) және Ғылыми-техникалық кеңес (бұдан әрі – ҒТК) – ғылыми қызмет мәселелерін белгіленген құзырет шегінде қарайды.
  2. ҒК өз құзыреті шегінде:

1) ғылыми қызметтің басымдықтары мен негізгі нәтижелерін қарайды;

2) стратегиялық құжаттардың жобаларын және жыл сайынғы баяндаманы қарайды;

3) ғылыми әлеуетті дамыту, ғылымды, білім беруді және практиканы интеграциялау жөнінде ұсынымдар әзірлейді;

4) Академияның ғылыми қызметінің тиімділігі мен нәтижелілігін арттыруға бағытталған өзге де мәселелерді қарайды.

  1. Академияның Оқу-әдістемелік кеңесі өз құзыреті шегінде:

1) ғылыми қызмет нәтижелері бойынша дайындалған оқу басылымдарын қарайды және оларды басып шығаруға ұсыну туралы шешімдер қабылдайды;

2) зерттеулердің ғылыми нәтижелерін білім беру процесіне енгізудің мүмкіндігі мен нысандарын бағалайды;

3) Академияның ғылыми қызметінің тиімділігі мен нәтижелілігін арттыруға бағытталған өзге де мәселелерді қарайды.

  1. Академияның ғылыми қызметін ұйымдастыру және жүзеге асыру мәселелерін ҒТК-да қарау тәртібі Академия ректоры бекіткен ҒТК туралы ережеде айқындалады.
  2. 2-Институт бірыңғай ғылыми саясатты қалыптастыруды және әдістемелік сүйемелдеуді, ғылыми зерттеулер жүргізуді және құрылымдық бөлімшелердің ғылыми қызметін үйлестіруді қамтамасыз ететін Академияның ғылыми және ғылыми-үйлестіру бөлімшесі болып табылады және мынадай функцияларды жүзеге асырады:

1) ғылыми саясат жөніндегі ұсыныстарды және ғылым саласындағы жоспарлау құжаттарын әзірлейді;

2) құқық қорғау қызметі проблемаларының және ғылыми зерттеулердің перспективалы бағыттарының банкін қалыптастырады және жүргізеді;

3) Жоспарды қалыптастырады және оның іске асырылуын үйлестіреді;

4) өз құзыреті шегінде ведомствоаралық ғылыми зерттеулер нысанында не осы Регламентте көзделген өзге де нысандарда іргелі, қолданбалы және стратегиялық ғылыми зерттеулер жүргізеді;

5) ғылыми зерттеулерді жоспарлау мен жүргізудің бірыңғай тәсілдерін, сондай-ақ ҒТК-нің қарауына жіберілетін ғылыми өнімдерге сараптамалық-талдамалық қорытындылар дайындауды қамтамасыз етеді;

6) оқу-практикалық кабинеттер мен «ProLab» зертханаларының алаңдарында ғылыми зерттеулерді жүргізуді және апробациялауды, сондай-ақ бірлескен ғылыми өнімдерді дайындауды ұйымдастырады;

7) жыл сайынғы баяндаманы дайындайды;

8) ғылыми қызмет саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асырады.

  1. 1-Институт:

1) оқытылатын пәндер, кәсіби мамандану және ғылыми мүдделер бағыттары бойынша кафедралар мен ПОҚ-тың ғылыми қызметін ұйымдастырады;

2) құқық қорғау органдары қызметкерлерін практикалық даярлау проблемаларын анықтайды және қажет болған кезде оларды ғылыми пысықтауға бастамашылық жасайды;

3) тыңдаушыларды ғылыми қызметке тартады;

4) білім беру процесін ғылыми сүйемелдеуді және ғылыми зерттеулер нәтижелерін бастапқы кәсіптік даярлау, қайта даярлау, біліктілікті және кәсіби деңгейді арттыру білім беру бағдарламаларына енгізуді қамтамасыз етеді;

5) оқу-практикалық кабинеттер мен «ProLab» зертханаларының алаңдарында ғылыми зерттеулерді жүргізуді және апробациялауды, сондай-ақ бірлескен ғылыми өнімдерді дайындауды ұйымдастырады;

6) осы Регламентте белгіленген тәртіппен ғылыми қызмет нәтижелері және олардың пайдаланылуы туралы мәліметтерді ұсынады;

7) ғылыми қызмет саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асырады.

  1. 3-Институт:

1) білім беру қызметі, оқытылатын пәндер, кәсіби мамандану және ғылыми мүдделер бағыттары бойынша кафедралар мен ПОҚ-тың ғылыми қызметін ұйымдастырады;

2) магистранттар мен докторанттардың зерттеу жұмысын, Жас ғалымдар кеңесінің қызметін ұйымдастырады;

3) магистранттар мен докторанттардың диссертациялық зерттеулеріне ғылыми жетекшілікті, консультация беруді, академиялық адалдықтың сақталуын, олардың нәтижелерін апробациялауды, қорғауды және енгізуді қамтамасыз етеді;

4) магистранттар мен докторанттардың диссертациялық зерттеулерінің жеке сипатын сақтай отырып, бірыңғай ұжымдық қолданбалы ғылыми өнім дайындау үшін жобалық топтар құру арқылы «Innovation Lab» жобасын іске асырады;

5) оқу-практикалық кабинеттер мен «ProLab» зертханаларының алаңдарында ғылыми зерттеулерді жүргізуді және апробациялауды, сондай-ақ бірлескен ғылыми өнімдерді дайындауды ұйымдастырады;

6) ғылыми нәтижелерді білім беру бағдарламаларына енгізуді қамтамасыз етеді;

7) ПОҚ-тың, магистранттар мен докторанттардың зияткерлік меншігі мен авторлық құқықтарын қорғауға жәрдемдеседі;

8) осы Регламентте белгіленген тәртіппен ғылыми қызмет нәтижелері және олардың пайдаланылуы туралы мәліметтерді ұсынады;

9) ғылыми қызмет саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асырады.

  1. 4-Институт:

1) білім беру қызметі, оқытылатын пәндер, кәсіби мамандану және ғылыми мүдделер бағыттары бойынша орталық пен кафедралардың, ғылыми қызметкерлер мен ПОҚ-тың ғылыми қызметін ұйымдастырады;

2) цифрлық шешімдерді, алгоритмдік модельдерді, бағдарламалық құралдарды, дерекқорларды және талдамалық әрі қадағалау қызметін автоматтандыру құралдарын әзірлейді;

3) ғылыми-техникалық әзірлемелерді пилоттық сынақтан өткізуді және тәжірибелік пайдалануды ұйымдастырады;

4) цифрлық ақпарат жеткізгіштер мен цифрлық дәлелдемелерге зерттеулер жүргізеді;

5) бейіндік бағыттар бойынша құқық қорғау органдарына арналған сараптамалық қорытындыларды, талдамалық материалдар мен ұсынымдарды дайындайды;

6) осы Регламентте белгіленген тәртіппен ғылыми қызмет нәтижелері және олардың пайдаланылуы туралы мәліметтерді ұсынады;

7) бейіндік бағыттар бойынша ғылыми қызмет саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асырады.

  1. 3-Басқарма:
  • Жоспардың орындалуына мониторингті жүзеге асырады;
  • ғылыми зерттеулердің сапасын, жаңалығын және практикалық маңыздылығын бағалайды;
  • ғылыми нәтижелерді апробациялауға және енгізуге мониторингті жүзеге асырады;
  • стратегиялық жоспарлау құжаттарында көзделген нысаналы индикаторларға қол жеткізуді бағалайды;
  • есептік мәліметтердің толықтығын, уақтылығын және анықтығын тексереді;
  • бекітілген өлшемшарттар мен көрсеткіштерге сәйкес ғылыми зерттеулердің нәтижелілігі мен тиімділігін бағалайды;
  • ғылыми зерттеулердің нақты нәтижелерінің қойылған мақсаттарға сәйкестігін бағалайды;
  • мониторингтік қорытындыларды қалыптастырады және ғылыми қызметтің нәтижелілігі мен тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
  • Академияның ғылыми қызметін мониторингтеу және бағалау саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асырады.
  1. 4-Басқарма Академияның ғылыми қызметін цифрландыруды технологиялық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді:
  • «Зерттеуші» ақпараттық жүйесін қоса алғанда, ғылыми қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын цифрлық жүйелер мен интернет-ресурстарды әзірлеу, енгізу және жаңғырту қажеттілігін айқындайды;
  • ғылыми қызмет саласындағы цифрлық жүйелер мен интернет-ресурстардың архитектурасын, бағдарламалық кодын және техникалық құжаттамасын әзірлейді, қажетті аппараттық-бағдарламалық құралдарға қажеттілікті айқындайды;
  • ғылыми қызметте цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект технологияларын қолдануды техникалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді;
  • ғылыми қызметкерлерді, ПОҚ пен білім алушыларды ғылыми қызметте цифрлық жүйелерді пайдалану мәселелері бойынша оқытуды және оларға консультация беруді жүзеге асырады;
  • ғылыми қызметті цифрландыру және цифрлық технологияларды қолдану саласында тәжірибе алмасу мәселелері бойынша Академияның құрылымдық бөлімшелерімен және бөгде ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;
  • ғылыми қызметті цифрлық және технологиялық сүйемелдеу жөніндегі өзге де функцияларды жүзеге асырады.
  1. 1-Орталық:
  • отандық және шетелдік практикаларды зерделейді және оларды Академияның ғылыми қызметіне енгізу жөнінде ұсыныстар енгізеді;
  • қазақстандық және шетелдік білім беру ұйымдарымен және ғылыми ұйымдармен өзара іс-қимылда іске асырылатын Академияның ғылыми зерттеулерін ұйымдастырушылық сүйемелдеуді жүзеге асырады;
  • бағдарламаларды қалыптастыруды және сарапшыларды тартуды қоса алғанда, Академияның халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларын, дөңгелек үстелдері мен өзге де ғылыми іс-шараларын ұйымдастырушылық сүйемелдеуді жүзеге асырады;
  • өз құзыреті шегінде ғылыми қызметті ұйымдастырушылық сүйемелдеу жөніндегі өзге де функцияларды жүзеге асырады.
  1. 2-Орталық:

1) ғылыми ынтымақтастық саласында шетелдік әріптестермен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;

2) халықаралық зерттеулер мен іс-шараларды дайындауға және іске асыруға жәрдемдеседі;

3) ғылыми қызметкерлердің, ПОҚ пен білім алушылардың халықаралық ғылыми бағдарламалар мен іс-шараларға қатысуын ұйымдастырушылық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді;

4) халықаралық ғылыми байланыстарды есепке алуды жүргізеді және мониторинг пен жыл сайынғы баяндама үшін мәліметтер ұсынады;

5) өз құзыреті шегінде халықаралық ғылыми ынтымақтастық саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асырады.

  1. Ғылыми қызметкерлер мен ПОҚ:

1) кәсіби мамандану, оқытылатын пәндер және ғылыми мүдделер бағыттары бойынша жеке және ұжымдық ғылыми зерттеулерге бастамашылық жасайды және оларды жүргізеді;

2) Академияның құрылымдық бөлімшелері жүргізетін ғылыми зерттеулерге, оның ішінде авторлық ұжымдар құрамында қатысады;

3) ғылыми, оқу басылымдарын және өзге де ғылыми өнімдерді дайындайды;

4) белгіленген тәртіппен магистранттар мен докторанттарға ғылыми жетекшілікті жүзеге асырады;

5) магистранттар мен докторанттарға диссертациялық зерттеулер жүргізу кезінде консультациялық және әдістемелік көмек көрсетеді, алынған нәтижелерді апробациялауға және жариялауға жәрдемдеседі;

6) ғылыми іс-шараларға, сараптамалық бағалауға, ғылыми нәтижелерді апробациялауға, таратуға және енгізуге қатысады;

7) ғылыми нәтижелердің ғылыми негізділігін, анықтығын, уақтылығын және тиісінше ресімделуін қамтамасыз етеді;

8) ғылыми әдепті, академиялық адалдықты сақтайды;

9) өздеріне жүктелген лауазымдық міндеттер шегінде ғылыми қызмет саласындағы өзге де функцияларды орындайды.

  1. Докторанттар, магистранттар мен тыңдаушылар ғылыми жетекшілер мен консультанттардың басшылығымен ғылыми қызметке қатысады, диссертациялық және өзге де зерттеулер жүргізеді, ғылыми жобаларға, іс-шараларға, ғылыми нәтижелерді апробациялауға және жариялауға қатысады.
  2. Магистранттар мен докторанттардың зерттеу жұмысын, сондай-ақ Жас ғалымдар кеңесі, оқу-практикалық кабинеттердің және «ProLab» зертханаларының қызметін ұйымдастыру тәртібі Академия ректорының жекелеген актілерінде айқындалады.

 

3-тарау. Ғылыми зерттеулердің түрлері мен нысандары

  1. Ғылыми зерттеулер:
  • бағыты бойынша – іргелі, қолданбалы және стратегиялық;
  • ұйымдастыру нысаны мен қатысушылар құрамы бойынша – академияішілік, ведомствоішілік, ведомствоаралық және халықаралық;
  • қаржыландыру көзі бойынша – базалық, гранттық, бағдарламалық-нысаналы, шарттық және заңнамада тыйым салынбаған өзге де қаржыландыру шеңберінде жүзеге асырылатын;
  • ғылыми кадрларды даярлау нысаны бойынша – Академия қызметкерлерінің дербес зерттеулері және магистранттар мен докторанттардың диссертациялық зерттеулері болып сыныпталады.
  1. Ғылыми зерттеудің түрі мен нысаны оны жүргізудің негізі, мақсаты, қатысушылар құрамы, қаржыландыру көзі, мерзімі және күтілетін ғылыми нәтижесі негізге алына отырып айқындалады.
  2. Қолданбалы және стратегиялық ғылыми зерттеулер экспресс-талдау, форсайттық зерттеу форматында жүргізілуі мүмкін.
  3. Ғылыми зерттеуді жүргізу мерзімі оның түрі, нысаны, мақсаты, нақты және (немесе) құқықтық күрделілігі, орындаушылар құрамы және тапсырыс берушінің талаптары ескеріле отырып айқындалады.

Жоспарлы ғылыми зерттеуді жүргізудің нақты мерзімі Жоспарда, жоспардан тыс зерттеудің мерзімі оны жүргізу туралы тапсырмада және жоспар-тапсырмада белгіленеді.

  1. Зерттеуді жүргізу мерзімі:
  • іргелі немесе стратегиялық зерттеу үшін – аралық нәтижелерді кемінде алты айда бір рет ұсына отырып, үш жылдан;
  • қолданбалы зерттеу үшін – аралық нәтижелерді кемінде үш айда бір рет ұсына отырып, бір жылдан;
  • форсайттық зерттеу үшін – аралық нәтижелерді ай сайын ұсына отырып, үш айдан;
  • экспресс-талдау үшін – бір айдан аспауға тиіс.
  1. Аралық нәтижелер ғылыми зерттеу кезеңдерінің орындалуын бақылау индикаторлары болып табылады. Олардың мазмұны, нысаны және оларға қол жеткізудің нақты мерзімдері Регламенттің 32-тармағының 1)–3) тармақшаларында белгіленген кезеңділік ескеріле отырып, жұмыс бағдарламасында немесе жоспар-тапсырмада айқындалады.

Аралық нәтижелерге қол жеткізуді бақылауды жауапты құрылымдық бөлімшенің басшысы жүзеге асырады. Жауапты орындаушы оған аралық нәтижелерге қол жеткізілгенін растайтын материалдарды ұсынады және осы Регламенттің 12-тармағының 4) тармақшасына сәйкес тыңдау барысында Академияның бірінші проректорына зерттеудің жүргізілу барысы туралы баяндайды.

  1. Магистранттар мен докторанттардың диссертациялық зерттеулерін ұйымдастыру және жүргізу тәртібі білім алушылардың ғылыми-зерттеу жұмысын реттейтін өзге де актілермен айқындалады.
  2. Академияның ғылыми қызмет субъектілері жүргізетін өзге де зерттеулер осы Регламентке сәйкес жүзеге асырылады.

 

4-тарау. Ғылыми қызметті ұйымдастыру

  1. Ғылыми зерттеу жүргізу мынадай өзара байланысты кезеңдерді қамтиды:
  • зерттеу жүргізу қажеттілігін айқындау және ғылыми қызметті жоспарлау;
  • жауапты орындаушыны айқындау;
  • ғылыми зерттеудің ұйымдастырушылық-жоспарлау құжаттарын әзірлеу, келісу және бекіту;
  • эмпирикалық материалдар мен өзге де деректерді жинауды, өңдеуді және талдауды қоса алғанда, ғылыми зерттеуді және (немесе) ғылыми-техникалық жұмысты жүргізу;
  • ғылыми нәтижелерді апробациялау;
  • зерттеуді аяқтау, алынған нәтижелерді ғылыми өнім түрінде ресімдеу және сараптамалық бағалау жүргізу;
  • ғылыми өнімді есепке алу, сақтау, жариялау және тарату;
  • ғылыми нәтижелерді енгізу;
  • жыл сайынғы баяндаманы дайындау және тыңдау.

Ғылыми қызмет кезеңдерінің мазмұны мен реттілігі нақты ғылыми зерттеудің түрі, нысаны, форматы, мақсаты мен ерекшеліктері ескеріле отырып айқындалады.

  1. 2-Институт базасында жұмыс істейтін Ғылыми даму мектебі ғылыми қызмет субъектілеріне консультация беру, шеберлік сабақтарын, семинарлар мен оқу сабақтарын өткізу және ғылыми-әдістемелік қолдаудың өзге де нысандарын қолдану арқылы Академияның ғылыми қызметін оның барлық кезеңінде әдістемелік сүйемелдеуді жүзеге асырады.
  2. Ғылыми даму мектебін ұйымдастыру және оның қызмет тәртібі Академия ректорының бұйрығымен бекітілген ережеде айқындалады.

 

1-параграф. Зерттеу жүргізу қажеттілігін айқындау және ғылыми қызметті жоспарлау

  1. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының, Бас прокуратура мен Академия басшылығының, оның ішінде хаттамалық шешіммен, қарармен, хатпен немесе өзге де ресми тапсырмамен ресімделген тапсырмалары, мемлекеттік және ведомстволық жоспарлау құжаттары, құқық қорғау қызметі мен білім беру практикасындағы проблемалар, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өтініштері, проблемалар банкінің деректері, мониторинг пен бұрын жүргізілген зерттеулердің нәтижелері, Академияның құрылымдық бөлімшелерінің бастамалары, сондай-ақ конкурстық немесе шарттық құжаттама ғылыми зерттеуге бастамашылық жасауға негіз болып табылады.
  2. 2-Институт мемлекеттік органдар мен Академияның құрылымдық бөлімшелерінің ұсыныстары, заңнаманы, құқық қолдану және білім беру практикасын, статистикалық деректерді, ғылыми зерттеулерді, халықаралық тәжірибені және өзге де дереккөздерді талдау нәтижелері негізінде «Зерттеуші» ақпараттық жүйесінде құқық қорғау қызметі проблемаларының банкін қалыптастырады және жүргізеді.
  3. 2-Институт жыл сайын 1 қарашаға дейін кезекті күнтізбелік жылға арналған Жоспарға енгізу үшін құқық қорғау, арнаулы және өзге де мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Академияның құрылымдық бөлімшелерінің ғылыми зерттеулер тақырыбы бойынша ұсыныстарын жинауды жүзеге асырады.
  4. Ұсыныстар осы Регламентке 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынылады.
  5. 2-Институт келіп түскен ұсыныстарды мынадай өлшемшарттар бойынша талдайды:
  • ғылыми қызметтің басымдықтарына және Академияның құзыретіне сәйкестігі;
  • проблеманың өзектілігі мен практикалық маңыздылығы;
  • ғылыми құрамдастың болуы және бұрын жүргізілген зерттеулердің қайталанбауы;
  • мақсатқа қол жеткізу мүмкіндігі, мерзімдердің негізділігі, қажетті ресурстар мен деректерге қолжетімділіктің болуы;
  • күтілетін ғылыми өнімнің, оның әлеуетті пайдаланушысының және болжамды енгізу тәсілінің айқындылығы;
  • ведомствоаралық, пәнаралық немесе халықаралық өзара іс-қимылдың орындылығы.
  1. Үздік отандық және шетелдік практикаларды зерделеуді және енгізуді не жетекші қазақстандық және шетелдік білім беру ұйымдарымен және ғылыми ұйымдармен өзара іс-қимылда ғылыми зерттеулерді іске асыруды көздейтін ұсыныстарды талдау кезінде 1 және 2-Орталықтар тартылады.
  2. Келіп түскен ұсыныстарды талдау нәтижелері бойынша 2-Институт осы Регламентке 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Академияның кезекті күнтізбелік жылға арналған Жоспарын қалыптастырады.
  3. Жоспар Академияның ҒТК-да қаралады және жоспарланатын жылдың алдындағы жылғы 15 желтоқсаннан кешіктірілмей Академия ректоры бекітеді.
  4. 2-Институт Жоспар бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оны орындау үшін Академияның құрылымдық бөлімшелеріне жібереді, сондай-ақ Жоспардың «Зерттеуші» ақпараттық жүйесінде орналастырылуын қамтамасыз етеді.
  5. Зерттеудің тақырыбын, күтілетін ғылыми нәтижені және (немесе) ғылыми өнімді, жауапты құрылымдық бөлімшені, жауапты орындаушыны, бірлесіп орындаушылар құрамын және (немесе) зерттеуді жүргізу мерзімін өзгерту зерттеу жүргізуге жауапты құрылымдық бөлімше басшысының уәжді қызметтік жазбасы негізінде Академия ректорының шешімі бойынша жүзеге асырылады.

Қызметтік жазба Академияның бірінші проректорымен келісіледі және орындалған жұмыс көлемі туралы мәліметтерді, енгізілетін өзгерістердің қажеттілігі мен мазмұнының негіздемесін қамтиды.

 

2-параграф. Жауапты орындаушыны айқындау

 Ғылыми зерттеу жүргізу үшін жауапты орындаушы айқындалады, ал қажет болған кезде авторлық ұжым құрылады.

  1. Жауапты орындаушы зерттеуді ұйымдастыруға және жүргізуге, оның нәтижелерінің сапасы мен уақтылы ұсынылуына, оларды апробациялауға және енгізуге, сондай-ақ зерттеудің тиімділігіне жауап береді.
  2. Жауапты орындаушы авторлық ұжымның қызметін ұйымдастырады және үйлестіреді әрі оның мүшелеріне ұйымдастырушылық-жоспарлау құжатында көзделген ғылыми зерттеудің жекелеген міндеттерін, іс-шараларын және (немесе) кезеңдерін орындауды тапсыруға құқылы.
  3. Авторлық ұжымның құрамы зерттеу жүргізу үшін қажетті ғылыми, практикалық, талдамалық және технологиялық құзыреттер ескеріле отырып айқындалады.

 

3-параграф. Ғылыми зерттеудің ұйымдастырушылық-жоспарлау құжаттарын әзірлеу, келісу және бекіту

  1. Жауапты орындаушы ғылыми зерттеуді ұйымдастыру мақсатында:
  • бір жыл және одан да көп мерзімге жоспарланған ғылыми зерттеу үшін – осы Регламентке 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жұмыс бағдарламасын;
  • жоспардан тыс ғылыми зерттеу, сондай-ақ бір жылдан аз мерзімге жоспарланған зерттеу үшін – осы Регламентке 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жоспар-тапсырманы әзірлейді.
  1. Жауапты орындаушы ұйымдастырушылық-жоспарлау құжаттарын әзірлеу кезінде зерттеудің мақсатын, міндеттері мен ерекшеліктерін ескере отырып, ғылыми іс-шаралардың түрлері мен нысандарын, күтілетін ғылыми өнімдерді, оларды апробациялау және енгізу нысандарын, бірлесіп орындаушылардың, сондай-ақ тарту жоспарланған сыртқы қатысушылардың құрамын дербес айқындайды.
  2. Осы Регламенттің 53-тармағында көзделген ұйымдастырушылық-жоспарлау құжаттарын Академияның бірінші проректоры бекітеді.

Осы Регламенттің 32-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген ғылыми зерттеулердің ұйымдастырушылық-жоспарлау құжаттары бекітілгенге дейін ҒТК отырысында алдын ала қаралуға жатады.

  1. Жоспарға өзгерістер енгізуді талап етпейтін ұйымдастырушылық-жоспарлау құжаттарына өзгерістер Академияның бірінші проректорының шешімі бойынша енгізіледі. Жоспарға енгізілген мәліметтерді қозғайтын өзгерістер осы Регламенттің 48-тармағында белгіленген тәртіппен енгізіледі.

 

4-параграф. Эмпирикалық материалдар мен өзге де деректерді жинауды, өңдеуді және талдауды қоса алғанда, ғылыми зерттеуді және (немесе) ғылыми-техникалық жұмысты жүргізу

 Ғылыми зерттеу бекітілген жұмыс бағдарламасына, жоспар-тапсырмаға, конкурстық немесе шарттық құжаттамаға сәйкес жүргізіледі.

Қолданылатын әдістер зерттеудің мақсатына, міндеттеріне, объектісіне, нысанасына және ерекшеліктеріне сәйкес келуге тиіс.

  1. Ғылыми зерттеу жүргізу барысында жауапты орындаушы мен авторлық ұжым:
  • зерттеу міндеттерін орындау реттілігін айқындайды;
  • бастапқы материалдарды зерделейді және қосымша деректерге қажеттілікті айқындайды;
  • қажетті статистикалық, талдамалық және өзге де материалдарды ұсыну туралы сұрау салулардың дайындалуын қамтамасыз етеді;
  • алынған деректерді жинауды, топтастыруды, жүйелеуді, өңдеуді және талдауды жүзеге асырады;
  • ғылыми негізделген тұжырымдар мен ұсыныстарды қалыптастырады;
  • ғылыми нәтижелерді құжаттайды;
  • ғылыми зерттеудің мақсатына қол жеткізу, міндеттерін орындау және нәтижелілігін қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де әрекеттерді жүзеге асырады.
  1. Ғылыми зерттеу жүргізу кезінде оның мақсаты мен міндеттеріне қарай:
  • заңнама және құқық қолдану практикасының материалдары;
  • статистикалық, талдамалық және әкімшілік деректер;
  • ақпараттық жүйелер мен ақпараттық ресурстардың мәліметтері;
  • ғылыми әдебиет және бұрын жүргізілген зерттеулердің нәтижелері;
  • отандық, шетелдік және халықаралық тәжірибе;
  • зерттеу барысында алынған эмпирикалық материалдар;
  • зерттеудің нысанасына жататын, оның мақсатына қол жеткізу, міндеттерін орындау және нәтижелілігін қамтамасыз ету үшін зерделеу қажет өзге де мәліметтер мен материалдар зерделенеді.
  1. Эмпирикалық материалдарды жинау:
  • сауалнама, сұхбат, сараптамалық сұрау салу және фокус-топтар;
  • байқау және эксперимент;
  • қылмыстық, әкімшілік және өзге де істер мен материалдарды зерделеу;
  • құжаттарды, статистикалық деректер мен ақпараттық жүйелерді талдау;
  • тестілеу және модельдеу;
  • зерттеудің мақсаты мен міндеттеріне сәйкес келетін және оның нәтижелілігін қамтамасыз ететін эмпирикалық материалдарды жинаудың өзге де ғылыми негізделген әдістерін қолдану арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
  1. Сауалнама негізінен anketa.academy-gp.kz платформасы арқылы электрондық нысанда жүргізіледі.

Сауалнама зерттеудің мақсаты, міндеттері, нысаналы тобы және әдістері ескеріле отырып әзірленеді.

  1. Сауалнама, сұхбат, сараптамалық сұрау салу және жеке тұлғалардан ақпарат алудың өзге де нысандары қатысудың еріктілігі және алынған мәліметтердің құпиялылығы қағидаттары сақтала отырып жүргізіледі.
  2. Ғылыми-техникалық жұмыс техникалық немесе цифрлық шешімді әзірлеу мен модельдеуді, прототипті, эксперименттік үлгіні немесе бағдарламалық өнімді жасауды, тестілеуді жүргізуді және техникалық құжаттаманы дайындауды қамтуы мүмкін.

 

5-параграф. Ғылыми нәтижелерді апробациялау

 Ғылыми нәтижелер зерттеу жүргізу барысында және (немесе) олар енгізілгенге дейін апробациялауға жатады.

Апробациялау нысаны мен мерзімдері жұмыс бағдарламасында немесе жоспар-тапсырмада айқындалады.

Ғылыми нәтижелердің сипатына қарай апробациялау бір немесе бірнеше нысанда жүргізілуі мүмкін.

  1. Ғылыми нәтижелерді апробациялау:
  • оларды ғылыми іс-шараларда баяндама немесе презентация нысанында ұсыну және талқылау;
  • ғылыми нәтижелерді халықаралық ғылыми және ғылыми-практикалық конференциялар материалдарының жинақтарында жариялау;
  • халықаралық және (немесе) ұлттық ғылыми дәйексөз алу дерекқорларында индекстелетін және (немесе) ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган ұсынған басылымдар тізбесіне енгізілген рецензияланатын ғылыми басылымдарда жариялау;
  • пилоттық сынақтан өткізу, тестілеу, тәжірибелік қолдану немесе тәжірибелік пайдалану;
  • алынған нәтижелердің негізділігін, анықтығын, ғылыми және практикалық маңыздылығын, сондай-ақ қолданылу мүмкіндігін бағалауға мүмкіндік беретін өзге де нысандар арқылы жүзеге асырылады.
  1. Ғылыми зерттеу шеңберінде алынған нәтижелерді апробациялау мақсатында зерттелетін проблеманы және зерттеу нәтижелерін талқылауға, тұжырымдар мен ұсыныстардың негізділігін бағалауға, ғылыми білім алмасуға, ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ заңнаманы, құқық қолдану практикасын және білім беру қызметін жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлеуге бағытталған ғылыми іс-шара өткізіледі.
  2. Ғылыми іс-шара өткізілгенге дейін жауапты орындаушы:
    • іс-шараның мақсаты мен форматын, сондай-ақ оның нақты ғылыми зерттеудің мақсаты мен міндеттеріне сәйкестігін айқындауды;
    • іс-шара бағдарламасын, қатысушылар тізімін, ақпараттық және үлестірме материалдарды дайындауды;
    • қажетті ғылыми және практикалық құзыреттерге ие мамандарды тартуды;
    • ақпараттық сүйемелдеуді Академияның уәкілетті құрылымдық бөлімшесімен келісуді;
    • іс-шараның деңгейі мен форматын ескере отырып, оны ұйымдастыруға және өткізуге Академияның құрылымдық бөлімшелерін тартуды қамтамасыз етеді.
  1. Ғылыми іс-шараның қорытындысы бойынша оның нысанына қарай ұсынымдар, материалдар жинағы немесе қызметтік жазба ресімделеді.
  2. Ұсынымдар нақты ұсыныстарды, оларды іске асырудың болжамды тәсілдерін және олар жолданатын органдарды, ұйымдарды немесе бөлімшелерді қамтуға тиіс.

 

6-параграф. Зерттеуді аяқтау, алынған нәтижелерді ғылыми өнім түрінде ресімдеу және сараптамалық бағалау жүргізу

 Ғылыми зерттеу аяқталғаннан кейін жауапты орындаушы ғылыми нәтижені ғылыми өнім түрінде ресімдеу жөніндегі жұмысты ұйымдастырады және ғылыми зерттеудің орындалуы туралы есеп жасайды.

Ғылыми зерттеудің орындалуы туралы есеп осы Регламентке 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасалады.

  1. Ғылыми өнімнің нысаны зерттеудің түрі, мақсаты, міндеттері мен күтілетін нәтижелері ескеріле отырып айқындалады және жұмыс бағдарламасында, жоспар-тапсырмада, конкурстық немесе шарттық құжаттамада көрсетіледі.
  2. Бір ғылыми зерттеудің нәтижелері бойынша мынадай түрлердегі бір немесе бірнеше ғылыми өнім дайындалуы мүмкін:

1) құқықтық және ұйымдастырушылық-әдістемелік: нормативті құқықтық және ведомстволық актілердің, бағдарламалардың, тұжырымдамалардың, стандарттардың жобалары, әдістемелік ұсынымдар, алгоритмдер, жадынамалар, анықтамалықтар мен каталогтар;

2) ақпараттық-талдамалық: шолулар, бюллетеньдер, эмпирикалық зерттеулердің нәтижелері, форсайттық (болжамдық) және сценарийлік материалдар, сараптамалық қорытындылар;

3) оқу және оқу-әдістемелік: оқулықтар, оқу құралдары, дәрістер курстары, практикумдар, міндеттер мен кейстер жинақтары, көрнекі материалдар, сөздіктер, оқу фильмдері, білім беру бағдарламалары;

4) ғылыми: мақалалар, монографиялар, диссертациялар, ғылыми тұжырымдамалар, ғылыми-практикалық түсіндірмелер және ғылыми еңбектер жинақтары;

5) ғылыми-техникалық: техникалық және бағдарламалық құжаттама, модельдер, прототиптер, эксперименттік үлгілер, ақпараттық жүйелер, аппараттық-бағдарламалық кешендер, бағдарламалар, қосымшалар, дерекқорлар, цифрлық платформалар.

  1. Егер ғылыми өнімнің өзге нысаны жұмыс бағдарламасында, жоспар-тапсырмада, конкурстық немесе шарттық құжаттамада көзделсе және ол қол жеткізілген ғылыми нәтижені бағалауға мүмкіндік берсе, ғылыми өнімді осындай нысанда дайындауға жол беріледі.
  2. 74. Ғылыми өнімнің практикалық, норма шығару және (немесе) ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметке енгізуге дайындығын айқындау мақсатында Академияның сарапшылар пулына енгізілген кемінде үш сарапшыдан тұратын сараптама тобы осы Регламенттің 6-қосымшасына сәйкес нысан бойынша сараптамалық-талдамалық қорытынды дайындайды.

Сараптама тобының құрамын 2-Институттың директоры айқындайды. Ғылыми зерттеу жүргізуге және (немесе) ғылыми өнімді дайындауға қатысқан адамдар сараптама тобының құрамына енгізілмейді.

  1. Сараптамалық-талдамалық қорытынды мыналарды қамтуға тиіс:
  • ғылыми зерттеу және дайындалған ғылыми өнім туралы мәліметтерді;
  • ғылыми өнімнің өзектілігін бағалауды;
  • оның ғылыми-практикалық негізділігін бағалауды;
  • ұсынылған нәтижелердің толықтығы мен анықтығын бағалауды;
  • практикалық маңыздылығын бағалауды;
  • ведомствоаралық маңыздылығын бағалауды;
  • ғылыми өнімнің болжамды пайдаланушылары туралы мәліметтерді және оны тарату нысандары жөніндегі ұсыныстарды;
  • ғылыми өнімді рецензиялауға және кейіннен ҒТК-нің қарауына жіберу мүмкіндігі не оны пысықтау қажеттігі туралы уәжді қорытындыны.

Сараптамалық-талдамалық қорытынды сараптама тобы мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады, оған сарапшылар қол қояды және оны 2-Институттың директоры бекітеді. Сарапшының ерекше пікірі болған жағдайда, ол қорытындыға қоса беріледі.

  1. Академияның алқалы және консультативтік-кеңесші органдарының қарауына жіберілетін ғылыми өнімдер алдын ала рецензиялауға жатады.
  2. Рецензиялауды тиісті салада арнайы білімі және (немесе) тәжірибесі бар және Академиямен еңбек қатынастарында тұрмайтын кемінде екі рецензент жүргізеді.
  3. Рецензиялар жазбаша нысанда ресімделеді және мыналарды қамтиды:
  • ғылыми өнімнің зерттеу мақсаты мен міндеттеріне сәйкестігін бағалау;
  • қолданылған әдістердің негізділігін және нәтижелердің анықтығын бағалау;
  • ғылыми жаңалықты және (немесе) практикалық маңыздылықты бағалау;
  • олар болған кезде ескертулер мен ұсыныстар;
  • ғылыми өнімді жариялау (пайдалану) мүмкіндігі не оны пысықтау қажеттілігі туралы уәжді қорытынды.
  1. Білім беру процесіне енгізуге арналған ғылыми өнімдер ОӘК-да, жариялауға және (немесе) практикалық, норма шығару және (немесе) ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметке енгізуге арналған ғылыми өнімдер ҒТК-да қаралады.

Ғылыми өнімдер ҒТК-нің қарауына бекітілген сараптамалық-талдамалық қорытындымен және рецензиялармен бірге ұсынылады.

  1. Цифрлық шешімдерді, бағдарламалық өнімдерді, дерекқорларды, ақпараттық жүйелер мен алгоритмдік модельдерді, оның ішінде жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып әзірленгендерін қоса алғанда, ғылыми-техникалық өнімдер пилоттық сынақтан өткізу және (немесе) енгізу басталғанға дейін олардың ғылыми негізділігін, технологиялық дайындығын, қауіпсіздігін, үйлесімділігін және практикада қолдану мүмкіндігін бағалау мақсатында ҒТК-да қаралады.

 

7-параграф. Ғылыми өнімді есепке алу, сақтау, жариялау және тарату

  1. Ғылыми өнімдер есепке алынуға, сақталуға, редакциялық-баспалық дайындықтан өткізілуге, жариялануға және таратылуға жатады.
  2. Ғылыми өнімдерді есепке алуды 3-Басқарма ғылыми өнімдердің тізілімін жүргізу арқылы жүзеге асырады.

Жауапты құрылымдық бөлімшелер бес жұмыс күні ішінде 3-Басқармаға мынадай мәліметтерді ұсынады:

  • ғылыми мақалалар туралы — олар жарияланған күннен бастап;
  • ғылыми, оқу және оқу-әдістемелік басылымдар туралы — ISBN немесе ISSN берілген күннен бастап;
  • өзге де ғылыми өнімдер туралы — оларды қараудың осы Регламентте көзделген рәсімдері аяқталған күннен бастап.

Көрсетілген мәліметтер бір мезгілде «Зерттеуші» ақпараттық жүйесінде, ал ғылыми өнімнің электрондық көшірмесі Академияның электрондық репозиторийінде орналастырылады.

  1. Осы Регламенттің 72-тармағының 1) — 5) тармақшаларында көзделген ғылыми өнімдердің сақталуын оларды басып шығаруға және дайындауға жауапты құрылымдық бөлімшелер қамтамасыз етеді.
  2. Жариялауға арналған ғылыми өнімдерді редакциялық-баспалық дайындауды Академияның редакциялық-баспалық қызметті реттейтін актілерінде белгіленген тәртіппен Академияның уәкілетті құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады.
  3. Осы Регламенттің 72-тармағының 5) тармақшасында көзделген ғылыми-техникалық өнімді жасау, әзірлеу немесе дайындау тәсілін, сондай-ақ оны қаржыландырудың болжамды көздерін жауапты орындаушы айқындайды.

Ғылыми-техникалық өнімді жауапты орындаушы дербес не үшінші тұлғаларды және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған қаржыландыру көздерін тарта отырып жасауы мүмкін.

  1. Ғылыми өнім Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары сақтала отырып, баспа немесе электрондық нысанда, ғылыми басылымда, Академияның интернет-ресурстары мен цифрлық платформаларында, сондай-ақ өзге де ақпараттық ресурстарда жариялануы мүмкін.
  2. Ғылыми өнімді тарату оны жариялауды, таныстыруды, ақпараттық ресурстарда орналастыруды, мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдарына, ұйымдарға жіберуді қамтиды.
  3. Жауапты орындаушы кітапхана қорын қалыптастыруға арналған, баспа нысанында жарияланған әрбір ғылыми басылымның кемінде он данасын Академияның кітапханасына береді.

 

8-параграф. Ғылыми нәтижелерді енгізу

 Ғылыми өнімнің білім беру, практикалық, норма шығару, ұйымдастырушылық-басқарушылық, цифрлық немесе өзге де қызметте құжатпен расталған пайдаланылуы енгізу деп танылады.

  1. Енгізу мынадай нысандарда жүзеге асырылады:

1) ғылыми өнімдерді білім беру бағдарламаларына, пәндер бойынша жұмыс оқу бағдарламаларына және өзге де оқу-әдістемелік құжаттарға енгізу және оларды сабақтар өткізу кезінде пайдалану;

2) ғылыми өнімдерді практикалық қызметте қолдану және пайдалану үшін қабылдау;

3) ғылыми өнімдерді нормативті құқықтық, ведомстволық және ұйымдастырушылық-өкімдік актілерді дайындау, негіздеу немесе қабылдау кезінде пайдалану;

4) өнертабысқа және (немесе) пайдалы модельге патент алу;

5) бағдарламалық өнімді немесе дерекқорды тіркеу туралы куәлік алу.

  1. Ғылыми өнімнің енгізілуі осы Регламентке 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ресімделген, растаушы құжаттар қоса берілген енгізу актісімен, патентпен не куәлікпен расталады.
  2. Ғылыми өнім бірнеше ұйымда немесе бір мезгілде бірнеше салада енгізілген кезде әрбір ұйым мен нысан бойынша жеке енгізу актісі ресімделеді. Қолжетімділігі шектеулі мәліметтер болған кезде деректер заңмен қорғалатын ақпарат ашылмай көрсетіледі.
  3. Ғылыми өнімдердің білім беру процесіне енгізілуі оларды пайдалану сипаты мен тәсілі ескеріле отырып расталады:
  • білім беру процесінде пайдалануға арналған оқулықтар, оқу құралдары, монографиялар және өзге де оқу және ғылыми басылымдар кемінде бір оқу жылы бойы нақты пайдаланылғаннан кейін енгізілген деп танылады.

Енгізу білім беру бағдарламаларымен, пәндер бойынша жұмыс оқу бағдарламаларымен (силлабустармен), оқу-әдістемелік кешендермен, ұсынылатын әдебиеттер тізбелерімен және олардың білім беру процесінде пайдаланылғанын растайтын өзге де құжаттармен расталады;

  • ғылыми негізделген ұсынымдарды, әдістемелерді, алгоритмдер мен талдамалық материалдарды қоса алғанда, қолданбалы, форсайттық зерттеулердің, экспресс-талдаудың және өзге де талдамалық зерттеулердің ғылыми өнімдері оқу сабағын, модульді, біліктілікті арттыру курсын өткізу кезінде алғаш рет нақты пайдаланылғаннан кейін енгізілген деп танылады. Бұл жағдайда енгізу актісі нәтижені бір оқу жылы бойы пайдалану туралы талап сақталмай, тиісті сабақтың, модульдің немесе курстың қорытындысы бойынша тікелей ресімделеді.

Осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген ғылыми өнімдердің нақты пайдаланылғанын растайтын құжаттар бағдарлама немесе кесте, жоспар не сабақтарды өткізудің өзге де материалдары болып табылады.

  1. Ғылыми өнімнің мемлекеттік, құқық қорғау немесе өзге де органның не ұйымның практикалық қызметінде нақты пайдаланылуы оның практикалық қызметке енгізілуі деп танылады. Ғылыми өнімді пайдалану фактісі мен тәсілі қолдану туралы шешімді және (немесе) ғылыми нәтиженің нақты пайдаланылғаны туралы мәліметтерді қамтитын бір немесе бірнеше ұйымдастырушылық-өкімдік құжаттармен, кеңестердің, алқалы және консультативтік-кеңесші органдар отырыстарының хаттамаларымен, есептермен, анықтамалармен, талдамалық материалдармен, ресми хаттармен не өзге де құжаттармен расталады.
  2. Ғылыми өнімнің норма шығару қызметіне енгізілуі ғылыми негізделген ұсыныстардың тұжырымдамаға, акт жобасына, салыстырма кестеге, түсіндірме жазбаға, ғылыми-құқықтық қорытындыға енгізілуімен не қабылданған актімен расталады.
  3. Ғылыми-техникалық шешімдердің енгізілуі техникалық тапсырмамен және кемінде бір ай бойы пилоттық қолданумен немесе тәжірибелік пайдаланумен расталады.
  4. Енгізу актісін тиісті орган немесе ұйым Академияға «Қадағалау» ақпараттық жүйесінде тіркелетін ілеспе хатпен жібереді. Жауапты орындаушы енгізу актісін алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны 3-Басқармаға ұсынады және «Зерттеуші» ақпараттық жүйесіне орналастырады.

 

9-параграф. Жыл сайынғы баяндаманы дайындау

Жыл сайынғы баяндама ғылыми қызмет нәтижелерін кешенді бағалау және оны одан әрі дамытудың басымдықтарын айқындау мақсатында дайындалады.

Есепті кезең күнтізбелік жыл болып табылады.

  1. Академияның құрылымдық бөлімшелері жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 20 қаңтарынан кешіктірмей:
  • «Зерттеуші» ақпараттық жүйесіндегі ғылыми қызмет туралы мәліметтердің толықтығы мен өзектілігін қамтамасыз етеді;
  • 2-Институтқа есепті жылдағы Жоспардың орындалуы туралы жүргізілген және жалғасып жатқан ғылыми зерттеулер, алынған ғылыми нәтижелер мен өнімдер, оларды апробациялау мен енгізу туралы мәліметтерді, сондай-ақ ғылыми қызметті дамыту жөніндегі ұсыныстарды қамтитын есепті ұсынады.
  1. 2-Институт ұсынылған мәліметтерді қорытады және талдайды.
  2. 2-Институт жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың бірінші тоқсанында жыл сайынғы баяндаманы дайындайды.
  3. Жыл сайынғы баяндаманы ҒК отырысында 2-Институттың директоры ұсынады. Қажет болған кезде ғылыми қызметтің жекелеген бағыттары бойынша Академияның тиісті құрылымдық бөлімшелерінің басшылары тыңдалады.
  4. ҒК отырысында қарау нәтижелері бойынша жыл сайынғы баяндама бекіту үшін Академия ректорына ұсынылады.
  5. Жыл сайынғы баяндама:
  • Жоспардың, Академияның бағдарламалық құжаттарында көзделген стратегиялық индикаторлар мен көрсеткіштердің орындалуы туралы мәліметтерді;
  • ғылыми қызметтің түрлері, нысандары мен субъектілері бойынша аяқталған және жалғасып жатқан зерттеулер туралы ақпаратты;
  • алынған ғылыми нәтижелер мен ғылыми өнімдер туралы мәліметтерді;
  • енгізілген ғылыми өнімдер туралы мәліметтерді;
  • жарияланымдық белсенділік, дайындалған ғылыми және оқу басылымдары туралы мәліметтерді;
  • өткізілген ғылыми іс-шаралар және халықаралық ғылыми ынтымақтастық туралы ақпаратты;
  • «ProLab» зертханаларының және өзге де ғылыми жобалардың қызметі туралы мәліметтерді;
  • өткен есепті кезеңмен салыстырғандағы ғылыми қызметтің негізгі көрсеткіштерінің серпінін;
  • анықталған проблемалар мен тәуекелдерді, сондай-ақ келесі кезеңге арналған ғылыми қызметті жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қамтуға тиіс.
  1. Жыл сайынғы баяндаманы қарау нәтижелері:
  • Академияның ғылыми саясаты мен бағдарламалық құжаттарын өзектендіру;
  • қолданыстағы Жоспарды түзету және кезекті Жоспарды қалыптастыру;
  • ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындау;
  • ғылыми қызмет саласында өзге де басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде ескеріледі.

 

5-тарау. Халықаралық ғылыми ынтымақтастық

  1. Халықаралық ғылыми ынтымақтастық Академияны халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіне интеграциялау, бірлескен зерттеулерді іске асыру, білім алмасу және озық практикаларды енгізу үшін жүзеге асырылады.
  2. Халықаралық ғылыми ынтымақтастық:

1) бірлескен зерттеулер мен жарияланымдарды;

2) халықаралық ғылыми ынтымақтастық саласындағы шарттарды, меморандумдар мен келісімдерді жасасуды және іске асыруды;

3) халықаралық конференцияларды, форумдарды, семинарларды, дөңгелек үстелдер мен сараптамалық сессияларды;

4) ғылыми ақпарат алмасуды және халықаралық зерттеу инфрақұрылымына қол жеткізуді;

5) шетелдік ғалымдар мен сарапшыларды зерттеу қызметіне және сараптамалық бағалауға тартуды;

6) халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған шетелдік әріптестермен өзара іс-қимылдың өзге де іс-шаралары мен нысандарын қамтиды.

  1. Халықаралық ғылыми ынтымақтастықты ұйымдастыруды 2-Орталық Академияның мүдделі құрылымдық бөлімшелерімен өзара іс-қимылда жүзеге асырады.

 

6-тарау. Ғылыми қызметті цифрландыру

  1. Академияның ғылыми қызметін цифрландыру, оның ішінде «Зерттеуші» ақпараттық жүйесін пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Оның жұмыс істеу және пайдалану тәртібі жеке актімен айқындалады.
  2. Жасанды интеллект технологиялары ғылыми әдеп, авторлық құқық, деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздік талаптары сақталған жағдайда көмекші құрал ретінде пайдаланылуы мүмкін.

 

7-тарау. Қорытынды ережелер

  1. Академияның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен жауапты орындаушылар осы Регламенттің сақталуы, мәліметтердің сапасы, мерзімдері, анықтығы және материалдардың сақталуы үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына және Академияның актілеріне сәйкес жауапты болады.