Бүгін Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында «Қылмыстық ізге түсу: сотқа дейінгі тергеу органдарының және прокурордың өкілеттіктерін бөлу» тақырыбында онлайн режимде кезекті Криминологиялық форум өтті.
Күн тәртібін талқылауға Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Жоғарғы Соттың, құқық қорғау және арнайы органдардың, ғылыми қоғамдастықтың өкілдері, сондай-ақ шетелдік сарапшылар қатысты.
Бас Прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті– Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов, Конституциялық Кеңестің мүшесі Иоган Меркель, сондай-ақ Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Орталығының басшысының орынбасары Диана Дигол жиналғандарға құттықтау сөз сөйледі.
Отырыс барысында қылмыстық іс жүргізу заңын жетілдірудің, сотқа дейінгі тергеу органдары мен прокуратура қызметінің тиімділігін арттырудың өзекті мәселелері көтерілді.
Кездесуге қатысушылар атап өткендей, Қазақстанда қылмыстық процесс жүйелі түрде жетілдірілуде, жаңа тәсілдер мен құралдар енгізілуде. 2017 жылғы конституциялық реформа қадағалау органдарына жауапты өкілеттіктерді жүктеді. Маңызды жаңалықтардың бірі прокуратураға мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыру өкілеттігін беру болды.
Конституцияның 83-бабының жаңа редакциясы қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттерді жасауға кінәлі адамдарды қудалауға бастамашылық етудегі прокурордың жетекші рөлін ерекше атап көрсетеді, барлық әлеуетті органдардың қылмыспен күреске күш-жігерін шоғырландырады.
Осыған орай, прокурордың қылмыстық іс жүргізу Заңындағы өкілеттігі оларды конституциялық талаптарға толық сәйкес келтіруді, тергеушілер мен прокурордың өкілеттіктерін нақты бөле отырып, қылмыстық процестің тұжырымдамалық моделін әзірлеуді талап етеді.
Осы жұмыс шеңберінде Академия ғылыми зерттеу жүргізді, оның қорытындысы бойынша ҚІЖК-нің 145-тен астам нормаларына түзетулер дайындалды.
Ғалымдар ұсынып отырған қылмыстық қудалау функциясының процессуалдық трансформациясы сотқа дейінгі тергеу органдарына қылмыстық-құқықтық оқиғаларды жан-жақты және толық зерттеу үшін барлық мүмкіндіктерді ұсынады, прокурордың қылмыстық қудалауды жүзеге асырудағы рөлі мен жауапкершілігін арттырады.
Осының барлығы қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Отырыс барысында зерттеу нәтижелері кең және мүдделі түрде талқыланды, жаңа бастамалар, ұстанымдар мен пікірлер айтылды.
Форум қорытындысы бойынша қылмыстық процесті жаңғыртуға, заңдылықты нығайтуға, қылмыстық қудалау саласындағы құқық қорғау стандарттарын күшейтуге бағытталған бірқатар ұсынымдар әзірленді.