Бүгін Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған курстар ашылды.
Академия қабырғасында прокуратура органдарына қабылданған қызметкерлерді кәсіби даярлаудың кезекті курстары бастау алды. Оқытуға еліміздің жан-жағынан 60-тан астам жас прокурорлар келді. Олар бір ай көлемінде прокуратурада кәсіби қызметі үшін қажетті дағдылар мен білімді меңгереді. Курс аясында олар жобалық менеджмент, шешендік өнер, басшылық ету және басқа да тұлғалық қасиеттерді дамыту салаларында білімдерін арттырмақ.
Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының тергеушілеріне арналған «Мемлекеттік органдарда және квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері» тақырыбында біліктілікті арттыру курстары басталды. Курстың оқу бағдарламасы құқық қолдану практикасының қажеттілігін ескерумен құрастырылды. Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының өзекті мәселелері, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын ашу мен тергеудің заманауи әдістері, қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашу мен аналитикалық жұмыста заманауи ақпараттық технологияларды қолдану жөнінде дәрістер мен тренингтер қарастырылған.
Осыған қоса, аудандық (қалалық) прокурорлар мен облыс прокурорлары орынбасарлары лауазымдарына кадрлық резервте тұрған прокуратура органдары қызмтекерлерінің кәсіби деңгейін арттырудың апталық курстары басталды. Курс бағдарламасы Құқық қорғау органдары кадрлық саясаты тұжырымдамасының талаптарын іске асыру мақсатында әзірленді және қызметкерлердің кәсіптік және басқарушылық құзыреттерін жетілдіруге бағытталған.
Оқыту нәтижесі бойынша тыңдаушыларға курстан өткендері жөнінде сертификаттар табысталады.