Құқық қорғау органдарының академиясында құқық қорғау және фискалды органдардың қызметкерлеріне арналған «Жедел ақпаратты әзірлеу және қаржылық қылмыстарды тергеу» тақырыбындағы оқыту семинары өз жұмысын бастады.
Тренинг жұмысына Президент Әкімшілігі, Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг жөніндегі комитеті, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландияның Біріккен Корольдігінің Қазақстандағы Елшілігі өкілдері, сондай-ақ Ұлыбританияның Қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық агенттігінің сарапшылары қатысты.
Семинардың мақсаты – қаржылық қылмыстарды тергеу саласында тыңдаушылардың біліктілігін арттыру, оларды анықтаудың жаңа әдіс-тәсілдерін үйрету.
Академияның бірінші проректорының міндетін атқарушы Наиль Ахметзакиров семинарды аша отырып, қаржылық қылмыстарды тергеу проблемаларының өткірлігін атап өтті.
«Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, еліміздегі көлеңкелі айналым үлесі төмендемей отыр. Ірі көлемдегі қаржы құралдары ұрланып, шетелге шығарылуда. Резонансты істер бойынша ғана залал 10 млрд.-тан астам АҚШ долларын құрады. Өкінішке қарай, көп жағдайда бұл активтер Қазақстанға әлі қайтарылған жоқ. Негізгі проблема – бұл қаржы криминалын тергеу және анықтау сапасының төмендігі», деп атап өтті ол.
Н.Ахметзакиров Ұлыбритания Елшілігі мен Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг жөніндегі комитетінің өкілдеріне оқыту іс-шарасын ұйымдастыруда көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.
Ұлыбритания Елшісі Кэролин Браун өз кезегінде нәтижелі ынтымақтастық үшін ризашылығын білдіріп, халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары дәрежесін атап өтті.
Семинар 3 наурызға дейін созылады, соңында тыңдаушыларға тиісті сертификаттар беріледі.