Қылмысқа қарсы іс-қимыл кезінде ақпараттық-талдау жүйелерін қолдану мәселелері жөніндегі семинар

Бүгін Құқық қорғау органдарының академиясында БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы мен АҚШ Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған халықаралық семинар өз жұмысын бастады.

Академия ректорының міндетін атқарушы Наиль Ахметзакиров семинарды аша отырып: «Терроризм мен экстремизм, есірткі мен қарудың заңсыз айналымы, адам саудасы, киберқылмыстылық, сыбайлас жемқорлық сияқты қауіптерге қарсы күресу үшін халықаралық ынтымақтастықты нығайту және халықаралық ұйымдармен, сондай-ақ өзге мемлекеттермен ортақ әдістерді әзірлеу қажет», — деп атап өтті.

Осы орайда Бас прокуратура мен БҰҰ-ның өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюдың маңыздылығы туралы айтылды. Келісімге сәйкес Академияның жанында құрылатын Өңірлік хаб базасында қылмыстылықпен күрестің алдыңғы қатарлы технологияларын игеру бойынша өзекті тренингтер өткізілетін болады.

Сонымен қатар аталмыш іс-шарада БҰҰ-ның Астана қаласындағы Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының басшысы Сигнэ Ротберг пен АҚШ Елшілігінің өкілі Джон Серфейс сөз сөйледі.

Н.Ахметзакиров серіктестерді хаб құру бастамасын қолдап жатқаны үшін және тренингті ұйымдастыруда сараптамалық көмек көрестіп, жәрдемдесіп жатқаны үшін алғыс білдірді.

Тренингке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитетінің Экономикалық тергеп-тексеру қызметі, Қаржы мониторингі комитетінің қызметкерлері қатысуда. Тыңдаушылар бір апта бойы мамандандырылған «i2» бағдарламалық жасақтамасын қолдану дағдыларын үйренетін болады. Сабақтарды танымал шетелдік сарапшылар өткізіп жатыр.

Қылмыстылықпен күрес саласында і2 ақпараттық-талдау жүйесін қолдану қажеттілігі үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Оның нәтижелері ең алдымен қылмыстардың алдын алуға және олардың профилактикасына бағытталған. Осылайша мәліметтерді сараптау нәтижесінде бағдарлама күдікті криминалдық сызбаларды модельдеуге мүмкіндік береді. Осы арқылы ерте кезеңдерде әзірленіп жатқан немесе жасалып қойған қылмыстарды анықтап, оларды болдырмаудың шараларын уақытылы қолдануға жағдай жасайды.

Тренингтің мақсаты – тыңдаушыларға жұмысқа қажетті бірегей әрі пайдалы инновациялық бағдарламаларды меңгеруге, алған білімдерін практикада қолдануға көмектесу.

Бұл іс-шара құрылымдық күш қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, қылмыстылықпен күресте, қоғам мен мемлекетті сыртқы және ішкі қауіптерден қорғауда практикалық нәтижелерге қол жеткізуге септігін тигізеді.