Ұлы мерекелер құрметіне арналған салтанатты іс-шара

Құқық қорғау органдары академиясында Жеңіс Күніне, Отан қорғаушылар күніне және Академияның құрылғанына екі жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті.

Ұжымды Жеңіс күніне 72 жыл толуымен құттықтай отырып, Академия ректорының міндетін атқарушы Наиль Ахметзакиров «Барлық ұрпақ үшін 9 Мамыр – біздің тарихымызда табандылық пен ерліктің символы ретінде мәңгі сақталған киелі күн.

Қазақстандықтар жеңіске жету жолында елеулі үлес қосты. Біз Совет Одағы Қаһармандарының арасында 528 қазақстандық бар екенін мақтан тұтамыз. Жүз мыңдаған адам жауынгерлік ерліктері үшін ордендермен және медальдармен марапатталды», — деп атап өтті.

Отан қорғаушылар күні Қазақстан азаматтарының барлық ұрпағын біріктіріп отыр. Қазіргі ұрпақ отандық тарихымыздағы ерліктерді мақтан тұтады, ата-бабаларымыздың жауынгерлік ерліктері туралы естеліктерді қастерлеп сақтап отыр.

«Бүгін Қазақстанның Қарулы күштері мемлекетіміздің сенімді тірегі, қауіпсіздік кепілі әрі еліміздің күш-қуатының бейнесі. Олар тәуелсіздігімізді және еліміздің ұлттық мүдделерін қорғауда, қазақстандықтардың бейбітшілігі мен тыныштығын күзетуде», — деді Н.Ахметзакиров.

Сондай-ақ Академия басшысы әріптестерін Академияның туған күнімен құттықтап, екіжылдық жұмыстың негізгі жетістіктерін атап кетті.

«Академия күрделі, қызықты оқиғаларға толы маңызды құрылу кезеңін артта қалдырды. Осы уақытта алдымызға қойлған міндеттерді тиімді орындау үшін, ғылыми және педагогикалық әлеуетті арттыру және ғылыми-білім беру қызметінің жаңа әдістерін іздеу үшін негізгі іргетас қаланды»-деп атап өтті ол.

Бірлескен күш-қуаттың, әр қызметкердің ұжымдық еңбекке қосқан үлесінің нәтижесінде осындай жетістіктерге қол жеткізілді. Академияда ортақ іске жанымен берілген кәсіби мамандар ұжымы, ең күрделі міндеттерді шеше алатын лайықты интеллектуалды орта қалыптасты.

Мерекелер қарсаңында кәсіби қызметтегі жетістіктері үшін Бас Прокурордың, сондай-ақ Академия ректоры м.а. бұйрығымен бірқатар қызметкерлерге сыныптық шендер және ведомстволық наградалар табысталды.
Салтанатты іс-шара Академия қызметкерлері мен тыңдаушылары әзірлеген концертпен аяқталды.