Біліктілікті арттыру саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды

Бүгін Академия басшысы Наиль Ахметзакиров Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаевпен кездесті.
Тараптар кадрларды даярлау және қайта даярлау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін, экономикалық қылмыстармен күрес саласында бірлескен зерттеулер жүргізу мәселесін талқылады.

Н. Ахметзакиров күш құрылымдары қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру, өзекті құқықтық мәселелер бойынша қолданбалы зерттеулер жүргізу саласында Академия жұмысының негізгі нәтижелері туралы айтып берді. Академия базасында БҰҰ-ның қолдауымен құрылған Жаһандық қауіптерге қарсы өңірлік хаб қызметімен таныстырды.

«Соңғы екі жылда Экономикалық тергеу қызметінің 250-ден астам қызметкері бастапқы даярлау және кәсіби қайта даярлау курстарына қатысты. ЭТҚ-нің бірқатар басшылары Академияда Президенттік резерв курстарынан өтті. Біз қызметкерлерге қажетті білімді беруге тырысып жатырмыз, ең білікті мамандарды тартудамыз», — деп атап өтті Академия басшысы.

Мемлекеттік кіріс органдарының тәжірибелі қызметкерлерінің Акадмия мен Өңірлік хаб курстарына қатысуы, Мемлекеттік кірістер комитетінде Академия қызметкерлері үшін тағылымдама өткізу перспективалары талқыланды.

Академияға ТМД елдерінің салықтық тергеу органдары үшін кадрларды даярлау және қайта даярлау бойынша базалық ұйым статусын беру жөніндегі жұмыс аясында ынтымақтастық ету мәселесі талқыланды.