Бүгін Құқық қорғау органдарының академиясында тергеу құрылымдары мен фискалды мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне арналған қаржылық тергеп-тексеру және ұрланған активтерді қайтарудың өзекті мәселелері бойынша білім беру семинары аяқталды. Іс-шара БҰҰ-ның Есірткі және қылмыстылық жөніндегі басқармасының (UNODC) қолдауымен Жаһандық қауіптерге қарсы өңірлік хаб базасында өткізілді.
Семинардың негізгі мақсаты — қылмыстық жолмен алынған табыстарды анықтау, оларға тыйым салу, тәркілеу және қайтару бойынша кәсіби құзыреттілікті жетілдіру.
Сонымен қатар қаржылық сарапшылар, прокурорлар мен тергеушілер халықаралық өзара тиімді құқықтық көмек көрсету аясында қаржылық қылмыстарды анықтау бойынша бөлімшелердің сұратуларын даярлау және өңдеу әдістерін үйренді.
Негізгі сарапшы ретінде БҰҰ-ның кірісті жылыстату және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес бойынша жаһандық бағдарлама басшысы Алексей Фещенко қатысты.
Алғаш рет тренер ретінде бұдан бұрын шетелдік сарапшылардың оқыту курстарынан өткен құқық қорғау және фискалды органдар қызметкерлерінен құралған ұлттық сарапшылар қатысты.
Семинар тыңдаушылары салық төлеуден жалтару, ақшаны шетелге шығару, банк саласындағы қылмыстарды тергеу ерекшелігін, терроризмді қаржыландыру фактілерін анықтау әдістерін үйренді.
Тренинг интерактивті форматта өтті, тыңдаушылар пікірталастарға белсене қатысты, кәсіби дағдыларды арттыруға бағытталған әртүрлі жағдайға бейімделген тапсырмаларды орындады.
Семинар соңында тыңдаушыларға халықаралық сертификаттар берілді.