Бас прокуратурада қаржылық қылмыстарды тергеу және заңсыз активтерді қайтару мәселелеріне арналған халықаралық семинар-тренинг өз жұмысын бастады.
Тренингті Құқық қорғау органдарының академиясы Бас прокуратураның Құқық қорғау қызметтері орталығының негізінде АҚШ Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.
Оның жұмысына Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстанның құқық қорғау және фискалды органдарының қызметкерлері қатысуда.
Сарапшылар ретінде Академия оқытушылары, Бас прокуратура, Ұлттық банк, Мемлекеттік кірістер комитеті, Қаржы мониторингі комитетінің өкілдері, сондай-ақ шетелдік сарапшылар тартылды.
Іс-шараның мақсаты – экономикалық қылмыстарды тергеуді жүзеге асыратын мамандардың біліктілігін арттыру және оларға жол бермеу бойынша тәжірибе алмасу.
Бұл тренинг Академияға берілген ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құқық қорғау және салық органдарының кадрларын қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша базалық ұйым мәртебесі шеңберінде өткізіліп отыр.
Академияның бұл мәртебесі Достастық елдерінің фискалды органдарының арасында экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл бойынша білім мен тәжірибе алмасу мүмкіндігін ашып отыр. Бұл салықтық тергеу саласындағы білімнің бірыңғай ақпараттық-талдамалық базасын қалыптастыруға, трансұлттық қауіптермен күресте заңшығармашылық стратегияны әзірлеуге, қылмыстық қудалау органдары үшін тәжірибелі мамандар мен сарапшыларды тартуға мүмкіндік береді.
Бір аптаға арналған оқу бағдарламасы қатысушы мемлекеттер ұсынған тақырыптарды ескере отырып әзірленді. Олардың қатарында ақшаны жылыстату тұжырымдамалары, банк секторында ішкі тергеуді жүргізудің негіздері, құқық қорғау қызметтерінің ашық көздерімен жұмыс жасау және шетелдегі активтерге тыйым салу әдістері, сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстату құралы ретіндегі криптовалюталарды пайдаланудың мысалдары.
Сонымен қатар, сарапшылар ұрланған активтерді анықтау және қайтарудың заманауи әдістерін, шетелге шығарылған қылмыстық капиталды қадағалау және қайтарудың тиімді әлемдік практикаларын, осы саладағы екі жақты құқықтық көмектің негізгі бағыттарын көрсететін болады.
Ақпаратты тиімді қабылдау үшін қатысушылар киберқылмыстарды, экономикалық контрабанданы, инвестициялық алаяқтықты тергеумен байланысты кейстік тапсырмаларды шешетін болады.
Бұл іс-шара тергеушілердің біліктілік деңгейін арттыруға, қаржылық қылмыстарды анықтау және оларға жол бермеудің пәрменді әдістерін меңгеруге, экономикалық қылмыстармен фискалды органдардың аймақтық ынтымақтастығы механизмдерін жандандыруға мүмкіндік береді.