Киберқылмыстарды тергеуден жасанды интеллектке дейін: Академия халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы киберқылмыстарды тергеу және құқық қорғау кадрларын даярлау барысында цифрлық технологияларды қолдану жөніндегі халықаралық тәжірибені зерделеді.

Академия ректоры Нұрғалым Әбдіров Қатар Үкіметі мен БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (БҰҰ ЕҚБ) бірлесіп құрған Доха қаласындағы Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығына барды.

Кездесу қорытындысы бойынша мамандар алмасу, Академия оқытушыларының Орталықтың халықаралық курстарына қатысуы, сондай-ақ киберқылмыстарды тергеу, цифрлық деректерді алу және талдау бағыттары бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын әдістемелік сүйемелдеу жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.

INTERPA конференциясы аясында Үндістанның Rashtriya Raksha University университетімен бірлескен оқу-зерттеу зертханасын құру және IT өнімдерін әзірлеу, сондай-ақ National Forensic Sciences University университетімен цифрлық криминалистика және электрондық дәлелдемелерді зерттеу бойынша курстар өткізу перспективалары талқыланды.

Вьетнамның Халықтық полиция академиясымен (People’s Police Academy) кәсіби даярлықта жасанды интеллект пен цифрлық симуляторларды қолдану тәжірибесімен алмасу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Жоспарланған бастамаларды іске асыру озық шетелдік оқыту әдістемелерін енгізуге және заманауи технологиялық сын-қатерлерді ескере отырып, құқық қорғау органдары кадрларын даярлау жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (778) 555-25-15
Email:
7340114@prokuror.gov.kz