Прокуратура органдарының 35 жылдығы қарсаңында Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында ведомстволық оқу орындары курсанттарының қатысуымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру тақырыбында зияткерлік ойын өтті.
Сайысқа Құқық қорғау органдары академиясының, ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының, Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының және Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының командалары қатысты.
Қатысушылар кәсіби білімдерімен қатар тапқырлықтарын, шапшаң ойлау, командада жұмыс істеу және шектеулі уақыт ішінде шешім қабылдау қабілеттерін көрсетті. Мұндай формат курсанттарға дайындық деңгейін бағалап, өзге ведомстволық оқу орындарындағы болашақ әріптестерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Сайыс қорытындысы бойынша Гран-при жүлдесін Құқық қорғау органдары академиясының командасы жеңіп алды. Бірінші орынды ІІМ Алматы академиясы, екінші орынды Қостанай академиясы, үшінші орынды Қарағанды академиясы иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен, кубоктармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Қатысушылар ведомстволық оқу орындарында зияткерлік ойындарды тұрақты түрде өткізу бастамасын қолдады. Іс-шара соңында ІІМ академияларының курсанттары мен өкілдеріне Академия бойынша таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылды.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz





